Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » Петропавлда жаңа жылыжай кешені азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуде

Петропавлда жаңа жылыжай кешені азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуде

2023 жылы Петропавл қаласында өңірдің агроөнеркәсіптік кешені үшін маңызды оқиға орын алды – «Зеленый Север» ЖШС-нің заманауи жылыжай кешені іске қосылды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 7,2 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде 50 жаңа жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды QZ News.

«Зеленый Север» Солтүстік Қазақстан облысындағы бірегей кешен болып табылады. Онда Нидерландыдан әкелінген заманауи жабдық орнатылған. Жалпы аумағы 3,7 гектарды құрайтын бұл жоғары технологиялық нысан жылына 2,7 мың тоннаға дейін көкөніс өндіруге қауқарлы, бұл облыстың жаңа өнімге деген сұранысының шамамен 30 пайызын қамтиды.

Жылыжайда өсімдіктердің оңтайлы өсуіне жағдай жасау үшін микроклиматты толық автоматты түрде реттейтін жүйе енгізілген. Ол температураны, ылғалдылықты, жарық көлемін, сондай-ақ тамшылатып суару мен көпконтурлы жылыту жүйесін қамтиды. Бұл жүйе жыл бойы, ауа райына қарамастан, көкөніс өсіруге мүмкіндік береді.

«Зеленый Север» жылыжай кешенінде өндірілген өнімдер өңірдегі сауда желілеріне нарықтық бағадан төмен бағамен жеткізіледі. Осылайша, кәсіпорын халықты сапалы көкөніспен қамтамасыз етіп қана қоймай, әсіресе маусымаралық кезеңде, бағаның тұрақтылығын сақтауға да үлес қосып отыр.

«Зеленый Север» жылыжай кешенінің іске қосылып, табысты жұмыс істеуі – Солтүстік Қазақстан облысының азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың маңызды қадамы. Бұл жоба заманауи технологиялардың аграрлық саланы дамыту және халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету мүмкіндігін айқын көрсетеді.

Shares