ҚР Президенті: «Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі»
Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуды жалғастыру қажет. Ел Президенті Солтүстік Қазақстан облысын жобаларды сәтті жүзеге асырудың мысалы ретінде келтірді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Соңғы жылдары облысымызда 30-дан астам заманауи сүт-тауар фермасы салынды, құс фабрикалары мен бордақылау алаңдары тұрғызылуда. Мұның барлығы еліміздің экономикасына оң әсерін тигізуде.
«Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек»,- деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізетінін атап өтті. СҚО диқандары қазірдің өзінде қолданып жүрген заманауи суару жүйелері шығымдылықты айтарлықтай арттыруда. Мал шаруашылығындағы заманауи технологиялар да сүт өнімділігін ұлғайтуға көмектесуде.
«Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет»,- деді мемлекет басшысы.
Жеміске жету үшін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын да зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.