Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқаны басталды

Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқаны басталды

Өңірдің кейбір шаруалары орақ науқанын бастап кетті. Қалғандары тамыз айының екінші онкүндігінде бастайды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Топырақтың құнарлылығы, дақылдардың сұрпы, агротехникалық өңдеу әдістерінің деңгейі, тұқым сапасы және климат – астықтың өнімділігі көптеген факторларға байланысты. Мамандардың айтуынша, облыс бойынша орташа өнімділік гектарына 14-16 центнерді құрап отыр. Синоптиктердің болжамынша, тамыз айында бұршақ жауып, ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Мұның бәрі ораққа кері әсер етуі мүмкін, сондықтан оны уақытында бастау керек.

«Жабдықтардың дайындығы 97 пайызды құрайды. Биылғы орақ науқанын өткізуге 13 мыңнан астам трактор, 7,5 мыңға жуық комбайн, 4600 дестелегіш және тағы басқаларын тартамыз. Астық жинайтын комбайндардың орташа өнімділігін ескерсек, жұмысты аяқтау үшін 13 күн қажет», – дейді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.

Жаңа егінді қабылдау үшін элеваторларды дайындау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Облыстағы астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы бүгінгі таңда 6,8 млн тоннаны құрайды. Оның 3,2 млн тоннасы лицензиясы бар нысандарға тиесілі.

«Жыл соңына дейін тағы 3 фермер сыйымдылығы 22 мың тоннаны құрайтын астық сақтау қоймаларының құрылысын аяқтайды. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның 2023 жылға астықты қабылдау және сақтау үшін облыста 23 уәкілетті астық қабылдау орны бар», – деп қорытындылады басқарма басшысы.

Барлық қажетті шаралар дер кезінде және толық көлемде қабылданғанын мамандар атап өтті. Қолайлы ауа-райы жағдайында облыста егін жинау науқаны оңтайлы мерзімде жүргізіледі. Диқандарға сәттілік пен жылы күндер тілейміз!

Shares