Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » СҚО-да егіс науқаны басталды

СҚО-да егіс науқаны басталды

Солтүстікқазақстандық аграршылар 2025 жылдың көктемгі егіс науқанына зор сеніммен кірісті. Салада жүйелі жүргізіліп жатқан жұмыстардың заңды жалғасы болған көктемгі дала жұмыстары жоспарлы түрде өтіп жатыр, деп хабарлайды QZ News.

Биыл жалпы егіс алқабы 4,4 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 3,3 млн гектарға дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егіледі. Майлы дақылдар үшін 760 мың гектар, мал азықтық дақылдарға 392 мың гектар бөлінген. Сонымен қатар, 6,5 мың гектарға картоп, 1,3 мың гектарға көкөніс отырғызу жоспарланған.

Бүгінде 4,4 млн гектар егістік алқаптың барлығында (100%) ылғал жабу жұмыстары толық аяқталды.

«2025 жылға арналған минералды тыңайтқыштарды енгізу жоспары — 333,5 мың тонна. Қазіргі таңда оның 266,5 мың тоннасы (80%) шарт негізінде сатып алынды. Тұқым қорының сапасына ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде шамамен 470 мың тонна тұқым дайындалды, бұл аграршылардың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Барлық тұқымдар тиісті тексерістен өтіп, белгіленген стандарттарға сай келеді, бұл болашақ өнімнің жоғары әлеуетін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ элиталық тұқымдарды жеткізу жалғасуда — қазіргі таңда өңірге 30,7 мың тонна элиталық тұқым жеткізілді, бұл 11,2% деңгейінде сорт жаңартуға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.

Көктемгі егіс жұмыстарын сәтті өткізу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде: аграршыларға литрі 254 теңгеден 52,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Өңірдегі ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 99%-ды құрайды, ал 219 машина-трактор шеберханасы қалыпты режимде жұмыс істеп, техникалардың уақтылы жөнделуін қамтамасыз етіп отыр.

Айта кетейік, 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 35,9%-ға артып, 936,8 млрд теңгеге жетті. Ерекше жетістік — орташа өнімділігі гектарына 19,6 центнерді құраған, 6,5 млн тонна дәнді дақылдан тұратын рекордтық астық жиыны болды. Бұл — соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш, соның нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі басты астықты өңірлердің көшін бастады.

Сондай-ақ майлы дақылдардың жалпы жиыны да айтарлықтай болды — 787,4 мың тонна, орташа өнімділігі гектарына 12,2 центнерді құрады. Бұл – облыс тарихындағы ең үздік нәтижелердің бірі, әрі өңірдің экспорттық әлеуетіндегі майлы дақылдардың маңызын арттыра түседі.

Shares