Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » СҚО диқандары жанар-жағармайдың тапшылығына шағымдануда

СҚО диқандары жанар-жағармайдың тапшылығына шағымдануда

Солтүстік Қазақстан облысында астық жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Қазір өңір диқандары әр жайлы күнді тиімді пайдаланып, егін жинауда. Қолайсыз ауа райы оларға көптеген қиындық туғызады. Қызылжар ауданындағы орақ жұмыстарының барысын облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов бағамдады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

«Якорь Агро» ЖШС егін жинау жұмыстарын тамыз айында бастады. Жаңбыр жауғанға дейін серіктестік 20 пайызды ғана жинап үлгерсе, қазір бұл көрсеткіш 60-қа жетіп отыр. Мұнда негізінен егістік алқаптарға Омбы сорттары егіледі. Әзірге орташа өнімділік гектарына 25 центнерді құрап отыр. Шаруашылықтың жеке кептіргіші бар, бір ғана мәселе – жанар-жағармайдың жетіспеушілігі. Қазір бұл мәселе тиісті ведомствада қаралуда.

«Бүгінгі таңда біздің диқандарға жеңілдетілген жанар-жағармай бөлу мақсатында 10 мың тоннадан астам жанар-жағармайға өтінім жасадық. Жасыратыны жоқ, жауын-шашынның салдарынан егіннің ылғалдылығы жоғарылаған. Бүгін ылғалдылық қалыпты, біздің агроқұрылымдар аз уақытта астықтың барлығын жинап алады деп сенеміз. Бұл үшін бізде қажеттінің бәрі бар», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.

Өңірге қосымша жанар-жағармай шамамен 25-ші қыркүйекке дейін жеткізіледі. Кейін Марат Тасмағанбетов «СК Вагулинское» ЖШС егістік алқаптарын аралады. Серіктестік биыл дәнді және дәнді бұршақ дақылдарына 7,5 мың гектарға жуық жер бөлген. Ал майлы дақылдарға – 540, мал азығына 640 гектар жер арналыпты.

Мұнда орақ науқаны аяқталуға жақын. Ауа райы қолайсыздық туғызбаса, іс бір апта ішінде аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы, өнімділік жаман емес, дейді серіктестік директоры.

Облыс бойынша барлығы орақ науқаны 53 пайызға тындырылды. Орташа өнімділік гектарына 10,5 центнерді құрайды. Мемлекет басшысының солтүстік өңірлердегі шаруаларға көмек көрсету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында бүгіннен бастап өңірдегі жағдайды күнделікті бақылап отыратын жедел штаб өз жұмысын бастады.

 

Shares