Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » Еңбегіне адал азамат

Еңбегіне адал азамат

Виктор Пархоцюк – «Солтүстік Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ның 10-0,4 кВ әуе желілері қызметінің шебері. Оның жұмысы – Петропавл қаласының мыңдаған тұрғынының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Егер бәрі қалыпты жүріп жатса, бұл еңбек көзге көрінбейді. Бірақ апатты жағдай туындаса, дәл осы шебердің бригадасының үйлесімді әрекеттері қаланы жарықпен тез қамтуда шешуші рөл атқарады, деп хабарлайды QZ News «Севказэнерго» АҚ-ға сілтеме жасап.

– Энергетикаға саналы түрде келдім, – дейді Виктор. – Колледжді тәмәмдап және әскер қатарынан оралған соң электромонтер болып жұмысқа орналастым. Қазір әуе желілерінің учаскесіне жауаптымын – бұл үнемі бақылау, профилактика және әрине, кез келген ақауды жедел жою.

Оның күнделікті жұмысы – шақырымдаған қашықтықты жүріп өту, ондаған бағананы тексеру, қауіп тудыруы мүмкін жағдайларды алдын ала анықтап, дер кезінде жою.

– Ең бастысы – апаттың алдын алу. Тіпті сырт көзге бәрі дұрыс көрінсе де, біз жабдықтың жағдайын үнемі бақылап отырамыз, – деп түсіндіреді ол.

Ол жас мамандарды дайындауға ерекше мән береді.

– Энергетика салаcында жұмысқа бей-жай қарауға жол жоқ, – дейді Виктор. – Жаңадан келгендерге үнемі түсіндіремін: бұл жерде ұсақ-түйек деген болмайды. Сенің ұқыптылығың мен жауапкершілігің адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Жұмыстағы ең қиын сәттер туралы сұрағанда, Виктор 2024 жылғы су тасқынын еске алды.

– Біз өте қиын жағдайда жұмыс істедік. Дегенмен, жарықты жедел түрде қалпына келтіре алдық. Бұл жерде нағыз мықты энергетиктер жұмыс істейді. Дәл осындай сәттерде мамандығымыздың қаншалықты маңызды екенін терең сезінесің.

Бос уақытында Виктор спортпен шұғылданғанды және гитара тартқанды жақсы көреді.

– Бұл – ойды сергітудің жақсы тәсілі, – дейді ол күлімсіреп. – Дегенмен, демалыс күндері де ойыңда жұмыс болады – біз тәулік бойы байланыстамыз.

Виктор Пархоцюктың оқиғасы – дабырасыз, үнсіз кәсіби еңбектің адамдардың өмірін қалай жайлы әрі қауіпсіз ететінінің жарқын үлгісі. Мұндай мамандар – бүгінгі күннің нағыз батырлары».

Shares