Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » “Менің жұмысымда тек техникалық білім ғана емес, жедел шешім қабылдай білу де маңызды” – 2-ЖЭО жылу автоматикасы және өлшеу цехының аға шебері Сергей Поливанов

“Менің жұмысымда тек техникалық білім ғана емес, жедел шешім қабылдай білу де маңызды” – 2-ЖЭО жылу автоматикасы және өлшеу цехының аға шебері Сергей Поливанов

“СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ Солтүстік Қазақстан тұрғындарын облыс пен қаланы тұрақты жылу және электрмен қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген мамандармен таныстыруды жалғастыруда. Бұл жолы Петропавлдағы №2 жылу электр орталығының жылу автоматикасы және өлшеу цехының аға шебері Сергей Поливанов туралы баяндамақпыз, деп хабарлайды QZ News.

Сергей 2020 жылы Петропавл теміржол көлігі колледжін “қазандық қондырғыларының жылу технигі” мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқу бітірген бойда Петропавлдағы 2-ЖЭО жұмысқа орналасып, жөндеу жұмыстарын жоспарлау және дайындау бөлімінде инженер қызметін атқарды.

“Өзімді жақсы қырымнан көрсетуге тырыстым, еңбегім еленді. Бір жылдан кейін маған жылу автоматикасы және өлшеу цехының аға шебері қызметін ұсынды. Көп ойланбай, бұл мүмкіндікті қабылдадым”, – деп еске алады Сергей.

Жылу автоматикасы және өлшеу цехы – станцияның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Цех бақылау-өлшеу құралдары, қашықтықтан басқару жүйелері, автоматика және технологиялық қорғаныс жүйелерін жөндеу және қызмет көрсету жұмыстарын жүргізеді.

Сергейдің міндетіне мыналар кіреді:
✅ қызметкерлерге тапсырма беру
✅ құралдар мен жеке қорғаныс құралдарының жай-күйін бақылау
✅ жабдықтарды тексеру кестелерін әзірлеу
✅ есептік құжаттарды жүргізу

“Менің жұмысымда тек техникалық білім ғана емес, жедел шешім қабылдау, басымдықтарды дұрыс анықтау және ұжымды тиімді басқару да өте маңызды”, – дейді Сергей.

2024 жылы Сергей Поливанов еңбекті қорғау және қауіпсіздік саласындағы үздік қызметкер атанды. Бұл марапат – оның кәсібилігінің, жауапкершілігінің және өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылысының лайықты бағасы болды.

Shares