СҚО-да учаскелік инспектор Виктория Вьюшкина мемлекеттік тілде еркін сөйлейді
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген полиция аға лейтенанты Виктория Вьюшкина қызмет етеді. Оның кәсіби біліктілігі мен тілге деген құрметі өңір жұртшылығы арасында танымал болуына себеп болды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Виктория құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2022 жылы учаскелік инспектордың көмекшісі ретінде бастады. Қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген, ашық мінезді жас маман тұрғындармен тез тіл табысып, сенімге ие болды.
2024 жылдың қараша айынан бастап Виктория Петропавл қаласы полиция басқармасының №1 бөлімінде учаскелік инспектор қызметін атқарып келеді. Бұрынғыдай азаматтарды қабылдау, құжаттармен жұмыс істеу және алдын алу шараларын жүргізу сияқты міндеттермен қатар, оған қылмыстық істер бойынша хаттама жасау мен тергеу жұмыстарына қатысу, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істермен айналысу жүктелген.
— «Бұл — тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуді талап ететін сала. Өзіңе уақыт табу өте қиын», – дейді Виктория.
Ол сонымен қатар, жуырда енгізілген заңнама өзгерістерінің маңыздылығын атап өтті. Енді денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу сияқты әрекеттер қылмыстық іс ретінде қарастырылады.
— «Бұл – жұмыс көлемін арттырғанымен, бізге зорлық-зомбылықпен күресуге көбірек мүмкіндік береді. Мен өз мамандығыммен мақтанамын. Қазақстандағы азаматтардың қауіпсіздігіне үлес қосып жүргенім – мен үшін үлкен абырой», – дейді полиция аға лейтенанты.
Виктория Вьюшкина – құқық қорғау органдарында қызмет атқарып жүрген жас буын өкілдерінің жарқын үлгісі. Мемлекеттік тілді меңгеру – тек кәсіби артықшылық емес, ел мен халыққа құрметтің белгісі.