Жауынгерлер ерлігі-ұрпақ жадында: Мамлюткалық Хасан Бектұрғановтың жауынгерлік жолы
“Жауынгерлердің ерлігі-ұрпақ жадында” айдары Отан соғысының ерлікке толы беттерін ашып, қаһармандардың есімдерін халық жадында қайта жаңғыртуды жалғастырады. Бүгін біз Мамлютка жерінің тумасы, ерлігі мен төзімділігімен ерекшеленген жауынгер – Хасан Бектұрғановтың жауынгерлік жолы туралы сөз қозғаймыз. Бұл деректермен біздің редакцияға оның ұрпақтары бөлісті.
Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов (1922 жылғы 3 ақпан – 1987 жылғы 21 қаңтар) — көрнекті кеңестік және қазақ мемлекет қайраткері, Отан соғысының қатысушысы, көптеген жауынгерлік және еңбек наградаларының иегері.
1941 жылдың тамызында Хасан Бектұрғанов Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлютка ауданынан Қызыл Армия қатарына шақырылды. Ол әскери қызметін Орта Азия әскери округінің 38-дербес атқыштар бригадасының 1-бөлімшесінде бастады. 1942 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін 4-атқыштар бригадасы 1-бөлімшесінің комсомол бюросының хатшысы қызметін атқарып, Калинин майданында шайқасты. Мәскеу түбіндегі ұрыста ауыр жараланып, госпитальден кейін 3-Беларусь майданының 19-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында полк комсоргі ретінде майданға қайта оралды.
Ол Духовщина мен Витебск қалаларын азат етуге қатысып, Лучеса өзенін кесіп өтті. Соғысты Кёнигсберг (қазіргі Калининград) маңында аяқтады. Ерлігі мен батылдығы үшін екі мәрте Ленин орденімен, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қызыл Жұлдыз, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталды.
Соғыстан кейін Хасан Бектұрғанов партия органдарында қызметін жалғастырды. 1946 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысында әртүрлі жауапты қызметтер атқарды: Көкшетау обкомының әкімшілік органдар бөлімі меңгерушісі, Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1959–1964 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейін облыстық атқару комитетінің төрағасы болды. 1966–1972 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетін, 1972–1983 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетін басқарды. 1976–1986 жылдары КПСС Орталық Комитетінің мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 8–10 шақырылымдарының депутаты болды.
Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов — соғыс қаһарманы ғана емес, сонымен қатар Қазақстан тарихында өзіндік орны бар көрнекті мемлекет қайраткері ретінде ел есінде қалды.