Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » Жауынгерлер ерлігі-ұрпақ жадында: Рақымжан Қошқарбаевтың командирі

Жауынгерлер ерлігі-ұрпақ жадында: Рақымжан Қошқарбаевтың командирі

Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Осы жалпыхалықтық мереке қарсаңында Сауле Сұлтанова майданға он сегіз жасында аттанып, ерлік көрсеткен әкесін еске алды. Өмір жолымен үлгі болған ол туған ауылында «Халық ақсақалы» атанып, үлкен құрметке ие болды. Ауылдастары, әріптестері мен туыстары оны «директор аға», «Мұстақа аға», жай ғана «Аға» деп ерекше ілтипатпен атайтын, деп хабарлайды QZ News.

Әкем – Мұстахим Хасенұлы, 1923 жылы Аққайың ауданына қарасты Аралагаш ауылында дүниеге келген. Арғы аталары ауқатты, елге сыйлы жандар болған. Алайда, ерте жетім қалып, балалық шағында өмірдің ащы дәмін татып өсті. Соған қарамастан, қайсарлық танытып, жоғары білім алды. Ол өте білімді, жан-жақты дамыған, кішіпейіл, мейірімді, биік адамгершілік қасиеттерге ие, рухани бай, өмір мен сұлулықты сүйетін жарқын жан болатын.

Өзі іргесін қалаған мектеп мұражайының төрінде – әкем мен анамның суреті ілулі. 2007 жылдан бастап, ардагерлердің қолдауымен, әкемнің құрметіне тоғызқұмалақтан аудандық турнир өткізіліп келеді.

2010 жылы облыстық басылымдарда Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Алма Балтабаева жазған «Ардагер арманы» атты мақала жарық көрді. Әкемнің естеліктері негізінде жазылған бұл мақалада ардагердің арманы – Отан соғысындағы жеңіс, елге оралу, ел игілігі үшін еңбек ету екені баяндалады. Ол сол арманына адал болды.

Әкем шағын ғана ауыл мектебін көтеріп, оны он жылдық білім ордасына айналдырды. Дайындық, Қызылжұлдыз, Қарағаш ауылдарынан келген балаларға арналған интернат ұйымдастырды.

Соғыстан кейінгі жылдар өте ауыр болды – мұғалімдер жетіспейтін. Әкем ауылдың талантты, жігерлі жастарын – өз бауырындай көрген інілері мен қарындастарын – Петропавл, Қарағанды, Семей қалаларына оқуға жіберді. Соның нәтижесінде мектеп білікті, өз ауылынан шыққан мамандармен толықты.

Әрине, мұндай ауқымды істі жалғыз атқару оңай болған жоқ. Бұл істе ұзақ жылдар бойы Совет аудандық оқу бөлімін басқарған көреген, білімді, еңбекқор әрі адал Бектұрған Бекеновтың еңбегі зор. Оның қолдауымен Аралагаш орта мектебі үлкен жетістіктерге жетті.

Бүгінде әкемнің шәкірттері оның ісін жалғастырып жүр. Бұл – әке есімінің халық жүрегінде сақталғанының айғағы.

1939 жылы Петропавл қаласындағы Қазақ педагогикалық училищесін үздік бітіріп, мұғалімдік қызметке кірісті. 1941 жылы әскерге шақырылып, Қиыр Шығыстағы Хабаровск қаласында офицерлер дайындайтын курсты аяқтап, лейтенант атағын алды.

Соғыстың алғашқы жылдарында атқыштар дивизиясында барлаушы ретінде қызмет етті. Алғашқы шайқасы 1942 жылы Брянск майданында болды. Сол ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, контузия алды. Свердловск пен Ташкенттегі госпитальдерде бірнеше ай емделіп, Петропавлға оралды.

Ел тағдыры таразыда тұрған сол бір ауыр жылдары әкем Борки елді мекеніндегі әскери бөлімде барлаушылар взводының командирі болып қызмет етті. Жас сарбаздарды әскери өнерге баулып, соғыс тактикасын үйретті. Ол осы кезеңді ерекше тебіреніспен еске алатын.

«Менің взводымда 24 қазақ баласы болды. Бәрі батыл, майданға дайын жауынгерлер еді. Әсіресе, Ақмола облысынан келген Рақымжан Қошқарбаев ерекше есте қалды. Сымбатты, жанары отты, жігерлі, ешқандай қорлыққа сынбайьн нағыз қазақтың ұлы болатын. Қандай тапсырма берілсе де, мінсіз орындайтын. Әскери өнерді тез меңгеріп, қару мен тактикалық тәсілдерді жетік игерді. Нысанаға дөп тигізетін – нағыз мерген еді. Мен Рақымжанның батыр болатынына сенімді болдым.

Шынында да, мен тәрбиелеген сол Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылы мамырда Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Бұл – күллі әлемге мәлім. Командир ретінде мен ол сарбазыммен мақтанамын», – деп әкем еске алатын.

Кейін, әпкем Баян ҚазҰУ-де оқып жүргенде, Алматыға сапары кезінде әкем Рақымжан Қошқарбаевпен кездесуін аңыз етіп айтатын:

«Ұшақтан түсіп, қызымды іздеп келе жатқанда, қарсы алдымнан еңселі, сымбатты жігіт шыға келді. Біз бір-бірімізді тани алмай тұрып, ол маған құшақ жая ұмтылды: “Командир аға!”, – деп мені бауырына қысып, аспанға көтеріп алды».

Сол кездесуден кейін олардың арасында үлкен достық орнады. Рақымжан аға әкемнің құрметіне дастархан жайып, оны қазақ халқының ұлы перзенті – Бауыржан Момышұлымен таныстырды. Бауыржан ата әкемнен туған жері жайлы сұрап: «Еліңе барғанда, Бауыржанның дәмінен ауыз тидім деп айт», – деп батасын берді. Бұл – нағыз рухани сый еді.

Соғыстан кейінгі 20 жылдан астам уақыт өтсе де, Рақымжан батыр мен әкем арасындағы достық пен құрметке сызат түспегеніне әкем қатты тебіренді. Олар бірге естелік фотоға түсіп, Рақымжан аға оған: «Құрметті ағаға, бауырлық ілтипатпен – інің Р. Қошқарбаев» деп жазып берді.

Мектепте оқып жүргенде, әкем маған майдандағы ауыр шайқастар туралы зор тебіреніспен, жүрекпен әңгімелейтін. Ол тылда барлаушылар взводын басқарған кезеңді жиі есіне алатын. Сол бір уақытта бірнеше рет майдан шебіне сұраныпты.

Ол И.В. Панфилов басқарған 8-гвардиялық дивизия құрамында соғысуды армандаған. Кейін ол қайта майдан шебіне оралып, 2-гвардиялық армияның 2-батальонында барлау взводының командирі болды. Бұл кезде Шығыс Пруссия үшін, әсіресе Кёнигсберг қаласы үшін қиян-кескі ұрыстар жүріп жатты. Сол шайқастардың бірінде неміс мергені әкемнің иығын нысанаға алып, қолын жаралады. Жолдастары оны бөлімше шебіне жеткізді.

Жарасынан есін жоғалта жаздаған әкемнің гимнастеркасынан анам сыйға тартқан жібек орамалды алып, жарасын таңбақ болған жауынгерге ол: «Жоқ, бұл орамалды пайдаланба» – деп тыйым салыпты.

Әкем осы жарақатпен алты ай бойы Мәскеудегі госпитальде емделіп, 1945 жылдың қазанында І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, ІІ топ мүгедегі, майор шенінде елге оралды.

1949 жылдан бастап 35 жыл бойы Аралагаш ауылындағы орта мектептің директоры болып қызмет атқарды. Қиын да қызықты педагогикалық жолын анаммен бірге жүріп өтті. Олар мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, білім беріп, жүректеріне ізгілік дәнін септі. Отбасылық өмірі – айналасына үлгі боларлықтай еді. Ол өз еңбегімен «Қазақстанның Халық ағарту ісінің үздігі» атағына және мерейтойлық медальдарға ие болды.

Олар жеті бала тәрбиелеп өсіріп, бәріне жоғары білім алуға мүмкіндік жасады. Қазір әрқайсысымыз қоғамның әр саласында адал еңбек етіп жүрміз. Найман – Алматы энергетика институтын бітіріп, Киров зауытында жұмыс істеді, қазір зейнеткер. Айгүл – құрметті демалыста. Ардақ – Мәскеудегі С. Орджоникидзе атындағы халық шаруашылығы академиясын бітіріп, Алматыда қызмет етеді. Еркегүл – ата-анасының жолын жалғастырып, Астанада мұғалім. Мен – М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде қазақ тілі пәнінің оқытушысы болып жұмыс істедім, қазір зейнеттемін.

Артқа көз салсам, Жеңіс күні – отбасымыз үшін ерекше, қасиетті мереке болғанын түсінемін. Қандай жағдай болса да, әрқайсымыз туған үйге, ата-анамыздың жанына оралуға тырысатынбыз. Тек туғандар ғана емес, бүкіл ағайын жиналып, үлкен ұлы мен келіні Римманың үйінде береке жайлаған дастархан басына жиналатын.

Сол сәттерде әкем көзінің қарашығындай сақтаған басты реликвиясын қолына алып, толқыған үнмен сөз бастайтын:

«Бұл – менің Мәкем (ол анамды өмір бойы осылай еркелетіп атайтын) соғысқа аттанарымда берген орамал. Осы орамалға тілегін, амандығын тіледі. Сол тілегінің күші мені ажалдан қорғады».

Біз соғыс ардагерлерін құрметтеп, өмірден өткендердің рухын ұлықтап, олар туралы жазып, айтып, мақтанышпен еске алып отыруға міндеттіміз. 80 жыл бұрын біздің әкелеріміз жүректерімен: «Біз жеңдік!», «Жеңіс!» – деп жар салған. Содан бері олардың рухы биіктей берді.

Бүгінгі бейбіт таңымыз, ашық аспанымыз, жарқын болашағымыз үшін өмірін қиған жандарды ұмытуға еш хақымыз жоқ.

Shares