Мысырда пирамидалар маңында техно-рейвтер өткізіле бастады
Әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған техно жанкүйерлері әлем кереметтерінің бірі саналатын пирамидалар жанында ұйымдастырылатын ерекше шоуға жиналуда, деп хабарлайды QZ News.
Мысырда Гиза пирамидалары маңында түнгі кештер өткізуге 2016 жылдан бастап рұқсат берілгенімен, алғашқы іс-шаралар тек жақында ғана өте бастады.
Әлеуметтік желілерде тараған видеолар қызу пікірталас тудырып, көптеген қолданушылар мұндай кештерді құптамайтындарын білдірді.
«Кешіріңіздер, бірақ олар біреуді тірілтіп алудан қорықпай ма?», «Бұл тура зиратта концерт немесе дискотека өткізгенмен бірдей», «Анубис шошып кетті», «Бұл бәрі керемет, бірақ вибрациялардан пирамидалар көпке шыдамайтын сияқты», «Фараондар қабірлерінде тыныш жатпайтын болды», – деп жазады желі қолданушылары.
Айта кетейік, Гиза пирамидалары – Мысыр астанасы Каирдің маңындағы Гиза жазығында орналасқан көне тарихи кешен. Мұнда үш ірі пирамида бар: Хеопс (Хуфу), Хафра (Хефрен) және Менкаура пирамидалары.