Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » «Барлық саланы қамтиды»: Қазақстанда жаңа салық түрін енгізу ұсынылды

«Барлық саланы қамтиды»: Қазақстанда жаңа салық түрін енгізу ұсынылды

Қазақстанда қоқыс полигондарынан бас тартып, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесіне көшу қажет. Бұл үшін жаңа салық енгізу де керек. Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова айтты, деп хабарлайды QZ News NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

IX Еуразиялық бизнес-форум барысында депутат Сағандықова қоқыс үйінділері мен полигондардан бас тарту үшін алдымен қалдықтарды сұрыптау мүмкіндігін қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

«Біз қалдықтарды басқаруға арналған жеке заң жобасын әзірлеуді ұсынамыз. Ол өкілеттіктерді, жауапкершілікті, стандарттар мен инфрақұрылымға қойылатын талаптарды, мемлекеттік ынталандыру механизмдерін жүйелеуге бағытталады. Сонымен қатар, экологиялық емес қаптамаларға «жасыл» салық енгізіп, бұл қаражатты қайта өңдеу саласын дамытуға жұмсау керек», – деді Ажар Сағандықова.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев бұл салықтың енгізілу мүмкіндігіне нақты жауап бермеді.

«Белгілі бір өнім түрлеріне қандай мөлшерде “жасыл” салық енгізілетінін нақты айту қиын. Себебі бұл бүкіл экономикаға әсер ететін мәселе, үлкен макроэкономикалық талдау қажет», – деді ол.

Айта кетейік, 2023 жылдың күзіне қарай Қазақстанның сол кездегі Премьер-министрі Әлихан Смайылов бейберекет қоқыс тастағандар үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қажет екенін айтқан болатын. Сонымен қатар, ол қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу зауыттарын салу бойынша еуропалық озық тәжірибеге сүйене отырып ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді.

Shares