Ғарышкер Талғат Мұсабаев өмірден озды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аты аңызға айналған ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаевтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Талғат Амангелдіұлы — ғарышты үш мәрте бағындырған, ашық ғарыш кеңістігіне шыққан қаһарман, ерлігімен елін әйгілі қылған тұлға. Ол өзінің бүкіл еңбек жолын отандық ғарыш саласының дамуына арнады. Сенат депутаты және қоғам қайраткері ретінде де көптеген игі бастамаларға мұрындық болды. Кәсібилігі мен азаматтық ұстанымы үшін қоғамда әрдайым зор құрметке ие болған Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады», – делінген жеделхатта.
Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 1951 жылғы 7 қаңтарда Алматы облысының Қарғалы ауылында дүниеге келген. Әр жылдары азаматтық авиацияның әуе байланысы авиаотрядының радио жабдықтар инженері, Алматы біріккен авиаотрядының 240-ұшқыштар тобы командирінің орынбасары, ұшқыш, ғарышкер-зерттеуші, «Союз ТМ-19» кемесімен «Мир» орбиталық кешеніне жіберілген ЭО-16 негізгі экспедиция экипажының бортинженері қызметтерін атқарған.
2007 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитетін басқарды. 2007–2014 жылдары — Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы. 2014–2016 жылдары — ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы. 2017–2023 жылдары — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.
Талғат Мұсабаев көптеген мемлекеттік наградалар мен атақтардың иегері. Олардың қатарында — «Халық Қаһарманы» атағы, Ресей Федерациясының Батыры атағы, «Халықтар достығы» ордені, Австрияның «Күміс бүркіт» ордені, Ресейдің ІІІ және ІІ дәрежелі «Отан алдындағы еңбегі үшін» ордендері, «Отан» ордені, «І дәрежелі Петр Великий» ордені, сондай-ақ НАСА-ның «Ғарышқа ұшқаны үшін» медалі бар.
Әскери шені — подполковник.
Талғат Мұсабаевтың артында төрт перзент қалдырды.