Мәжіліс депутаттары дабыл қағуда: алдағы 15 жылда Қазақстанда су тапшылығы болуы мүмкін
Парламент мүшелері БҰҰ-ның деректерін тілге тиек етті. Дерекке сәйкес, алдағы 15 жылда Қазақстан су тапшылығын сезінуі мүмкін. Ал 2050 жылға қарай тапшылық тіпті 3 есеге артады. Атап айтқанда, мәжілісмен Сергей Пономарев елдегі су тапшылығы мәселесіне кеңінен тоқталды. Қызылорда, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарында су тапшылығы қазірдің өзінде байқалуда, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бизнесті су үнемдеу технологияларын белсенді енгізуге ынталандыратын экономикалық тетіктер жоқ. Сондай-ақ жаңа “Су кодексінің” алдын ала нұсқасында суды тиімді пайдалану құралдары көрсетілмеген. Мәжілісмендер алаңдаулы. Олар көктемгі тасқын суды сақтайтын резервуарлардың жоқтығын да айтты. Сергей Пономарев суды оңға да, солға да пайдаланатын қазақстандықтардың ысырапшылдығына да назар аударды.
“Жоғарыда айтылғандардың негізінде: Үкіметтің кезекті жалпы отырысында суды үнемдеу шараларының тиімділігі және оны жақсарту үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп беруді ұсынамыз. Екінші – нақты су үнемдеу тетіктері бар “Су кодексінің” жобасын мүмкіндігінше тезірек дайындау. Үшінші – ылғал сүйгіш дақылдарды өсірудің суды үнемдейтін технологияларын ауыл шаруашылығына жедел енгізу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу”, – деді Сергей Пономарев.