«ПАМЖЗ» АҚ бас директоры: «Ел экономикасы – біздің қолымызда!»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы өнеркәсіп саласында еңбек етіп жатқан барша қазақстандықтың алдына зор міндеттер қойып отыр. Бұл туралы «ПАМЖЗ» АҚ бас директоры Арман Құлмағамбетов айтты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Президент ел болашағын нығайту үшін экономикалық серпіліс жасап, оған барлық мүмкіндіктерді беру, кезең-кезеңімен жаңа экономикалық үлгіге көшу керектігіне тоқталды. Бұл жұмыстарды батыл жасау керек деді. Мемлекет басшысы өз сөзінде ел үшін ең бірінші байлық – азаматтар екенін атап өтті.
Қазақстан халқы ел экономикасын әртараптандырудың маңыздылығына бұрынғыдан да баса назар аударатын болады. Бұл ретте металдарды тереңдете өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды қайта өңдеу және байыту, автобөлшектер мен тыңайтқыштар өндірісі сияқты салаларға ерекше көңіл бөлінетін болады. Президенттің айтуынша, өңдеу деңгейі жоғары өнім шығаратын кластер құру қажет.
«Петропавл ауыр машина жасау зауыты осыны қалайды. Біздің компания зауытты дамыту, жұмысшылар санын көбейту және ел экономикасына айтарлықтай әсер ететін салаларды дамытуды алдына мақсат етіп қойып отыр. Зауыттың кешенді кәсіпорын жоспары бар, мұнай өнеркәсібінің жабдықтарын шығарудан республикада бірінші орын алады. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өндірістің дамуына серпін беретін жаңа жобалар қолға алынуда. Соның бірі – жақында таныстыруы өткен ұшқышсыз ұшатын аппараттардың өндірісі», – деді Арман Құлмағамбетов.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа жүйе ел кәсіпкерлеріне одан әрі қолдау көрсетуге тиіс. Ең бастысы қордаланған мәселелерді бюджеттен қаржыландыру арқылы жедел шешуге ықпал етеді.
«Бұл ретте еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпорындарға материалдық және моральдық қолдау көрсету маңызды. Біздің мақсатымыз – «Үкімет – бизнес – халық» тізбегінде жұмыс істеп, елімізді жаңа белестерден көрсету», – деп мәлімдеді «ПАМЖЗ» АҚ бас директоры.