Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға асық ойнауды көрсетті
«Этноауылды» аралау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронға «Қазақ күресі» және «Асық ату» таныстырылды. Сонымен қатар, тазы иті мен жыртқыш құстардың мүмкіндіктері көрсетілді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, 1 қарашада Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон «Этноауыл» көрмесін тамашалады.
Көрме алаңында мемлекет басшыларын Жас көрермендер театры мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблінің әртістері қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон «Жасыл базар» жеміс базарын аралап, халық қолөнерімен, қазақ бейнелеу өнері шеберлерінің туындыларымен, сондай-ақ отандық дизайнерлер әзірлеген ұлттық киім топтамасымен танысты.
Қазақстан мен Франция басшыларына Ұлттық музей қорындағы экспонаттардан тұратын «Ұлы дала алтыны» көрмесі, сондай-ақ Ы. Дүкенұлы атындағы музейде сақтаулы тұрған ұлттық музыкалық аспаптар көрсетілді.
«Этноауылды» аралау барысында қонақтарға «Қазақ күресі» және «Асық атудан» көрсетілім қойылымдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, тазы иті мен жыртқыш құстардың мүмкіндіктері көрсетілді.