Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қасым-Жомарт Тоқаев:«Бір белдеу – бір жол» ортақ игілікке айналды

Қасым-Жомарт Тоқаев:«Бір белдеу – бір жол» ортақ игілікке айналды

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде атап өтті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

18 қазанда Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан Президенті «Бір белдеу – бір жол» ІІІ халықаралық ынтымақтастық форумының ашылу салтанатында сөз сөйледі. Ол ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге қонақжайлылық пен форумды мінсіз ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді, сонымен қатар Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі шешуші рөлін атап өтті.

«Қазіргі геосаяси жағдайда «Бір белдеу – бір жол» бастамасы қажетті халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Бұл жоба Қытайдың экономикалық қуатын, сондай-ақ оның жаһандық деңгейдегі жаңа белестерді бағындыруға ұмтылысын көрсетеді. Осыдан он жыл бұрын сіз Қазақстанда алғаш рет «Бір белдеу – бір жол» ұзақмерзімді бастамасын ұсынып, оның басты қозғаушы күші болдыңыз. Мұның символдық мәні зор. Осы маңызды мерейтойды атап өте отырып, бүгінде сіздің бастамаңыз өзінің қажеттілігін көрсетті және әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалып, жаһандық ауқымдағы үлкен жобаға айналды деп сенімді түрде айта аламыз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы «Бір белдеу – бір жол» жобасының теңдессіз әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық үшін пәрменді платформаға айналғанына тоқталды. Осы жобаға қатысушы мемлекеттердің бастамалары арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржолдар желісі, жоғары жылдамдықты күре жолдар және теңіз жолдары арқылы байланыс жасап отыр.

«Бұл жоба әлем экономикасының жылдам құбылып тұрған жағдайында қазіргі заманның аса күрделі сын-қатерлеріне тиімді төтеп бере алатын және мемлекеттеріміз үшін жалпыға ортақ игілікке айналды»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ҚХР бастамасы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға және жобаға қатысушылар арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға да зор үлес қосып отырғанын атап өтті. «Бір белдеу – бір жол» шын мәнінде Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруына серпін берді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Shares