Қазақ-француз университеті 2024 жылы ашылады
Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Жүздесуде мейман біздің елдеріміз стратегиялық серіктестік туралы келісімнің 15 жылдығын атап өтіп жатқанын атап өтіп, Францияның әртүрлі салаларындағы екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады, деп хабарлайды QZ MEDIA тілшісі «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
«Менің ойымша, біздің экономикалық қарым-қатынастарымызға, оның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика және жаңартылатын энергия салаларындағы байланыстарымызға жаңа серпін беріледі. Біз бар жобаларға да, жаңа бастамаларға да инвестиция құюды қолдаймыз. Сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Білім және ғылым салаларында нақты келісімдерге қол жеткізілді. Қазақ-француз университеті өз жұмысын 2024 жылдың қыркүйегінде бастауды жоспарлап отыр», – деді Франция Президенті.
Сонымен қатар, екі елдің көшбасшылары өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша оң және тұрақты өзара іс-қимылдың маңыздылығын айтып, халықаралық ұйымдар арқылы диалогты тереңдету қажеттігін атап өтті.
Президенттер мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың маңыздылығын ескере отырып, білім және ғылым саласында бірқатар жобаларды жүзеге асыруға келісті. Қасым-Жомарт Тоқаев француз мектептерін ашу, француз тілін оқыту, академиялық байланысты нығайтуды көздейтін келісімдерге қол қойылғанын атап өтті.