Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ға мүше елдер парламенттері палаталарының спикерлерімен кездесті

Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ға мүше елдер парламенттері палаталарының спикерлерімен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесу өткізді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Мемлекет басшысы заң шығару органдарының спикерлеріне ілтипат білдіре отырып, Ресейдің ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясына тұрақты мәртебе беру туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Президент басқа елдердің делегацияларын осы бастаманы қолдауға шақырды. Сонымен қатар, парламентаралық диалог мемлекетаралық байланыстарды нығайту ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Бүгінгі кездесу халықаралық ахуал тым шиеленіскен жағдайда өтіп отыр. Геосаяси текетірес өршіген кезде өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатердің ауқымы да айтарлықтай өзгерді. Әлемдегі қақтығыс қауіпті деңгейге жетті. Әсіресе, Таяу Шығыстағы ахуал қатты алаңдатады. Газа секторында күн сайын жүздеген адам қаза тауып, жарақат алып жатыр. Олардың арасында қарапайым азаматтар, әйелдер мен балалар бар. Миллионнан астам бейбіт тұрғын қиын жағдайға тап болды. Барлық негізгі халықаралық ұйымдар Палестинадағы гуманитарлық ахуалды мүшкіл деп атады. Шын мәнінде, апатты жағдай шегіне жетуге таяп қалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Ауғанстандағы жағдайға айрықша тоқталды. Президенттің пікірінше, қазіргі кезеңдегі стратегиялық міндеттердің бірі – Ауғанстанды өңіраралық байланыстарға белсенді тарту.

Президент бұл мәселеде ҰҚШҰ-ға мүше елдердің өзара келісілген ұстанымы болуы керек екеніне назар аударып, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталық құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы әрекет ету жүйесін жетілдіру қажет екенін ескере отырып, ҰҚШҰ күш-жігерін ұйым жарғысына сәйкес мүше-мемлекеттер үшін барынша өзекті әрі тиісті жұмыс бағыттарына жұмылдыруды ұсынды.

Атап айтқанда, Президент терррорлық қауіп-қатермен күресу және ҰҚШҰ-ға мүше елдер азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдау қажет деп санайды.

Shares