Қазақстанда «Батырларға тағзым» онлайн-порталы іске қосылды
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Отан соғысында ерлікпен шайқасқан қазақстандық жауынгерлердің есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында бірегей онлайн-портал — «Батырларға тағзым» жобасын ұсынды, деп хабарлайды QZ News.
Бұл портал – жауынгерлік ерлік пен жанқиярлықты ұлықтау арқылы Жеңіске жол ашқан батыр бабаларымызға құрмет көрсетуге арналған. Енді кез келген адам өз туыстары мен жақындарының соғысқа қатысқаны жайлы ақпаратпен бөлісіп, олардың есімдерін ел жадында қалдыруға үлес қоса алады.
Акция онлайн-форматта өтеді. Бұл — әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, әрбір азаматқа естеліктермен бөлісуге, отбасылық архивтен фотосуреттерді жүктеуге және майдангер туыстары жайлы мәлімет енгізуге мүмкіндік береді.
Порталда үнемі жаңартылып отыратын кең ауқымды дерекқор ұсынылған. Бүгінде 677 мыңнан астам ардагер туралы ақпарат жинақталған. Олардың қатарында 365 Кеңес Одағының Батыры, екі мәрте Батыр атанған 4 жауынгер және Даңқ орденінің 19 иегері бар. Ыңғайлы интерфейс арқылы өз туыстарыңызды табуға, жаңа деректер қосуға және жаңалықтармен танысуға болады.
Порталдың мүмкіндіктері:
— Батыр туралы естелік жариялау – соғысқа қатысқан туыстарыңыз туралы естеліктермен бөлісу;
— Фотосуреттер жүктеу – жеке мұрағаттағы суреттер арқылы ардагерлер есімін ұлықтау;
— Жаңа есімдер қосу – дерекқорда жоқ ардагерлер жайлы мәлімет енгізу;
— Ата-бабалар фотосуреттерін табу – кең фотогалерея арқылы ардагерлердің суреттері мен өмірбаянымен танысу;
— Жаңалықтарды қадағалау – Отан соғысы мен ардагерлер қозғалысына қатысты жаңалықтарға онлайн түрде қол жеткізу.
Бұл бастама – өткенге тағзым, бүгінге тағылым және болашаққа аманат. Портал арқылы жауынгерлік ерлікті ұрпақ жадында сақтап, бабалар аманатын жалғастыруға болады.