Қазақстанда БЖЗҚ зейнетақысының орташа мөлшері белгілі болды
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан адамның жасына байланысты тағайындалған орташа айлық төлем 1 шілдедегі жағдай бойынша 34 мың теңгеге жетті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі NUR.KZ. материалына сілтеме жасай отыра.
Қазақстандықтар мемлекеттік зейнетақыдан басқа, егер олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жинақтары болса, зейнеткерлік жасқа толуына байланысты кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдерін ала бастайды.
1 шілдедегі жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры хабарлағандай, қазақстандықтардың зейнетақы шоттарында шамамен 20 трлн теңге жинақталған – жыл басынан бері бұл сома бірден 11,8% – ға ұлғайды.
Бұл сома бірнеше көздерден құрылды: міндетті (МЗЖ), міндетті кәсіптік (МКЗЖ) және ерікті (ЕЗЖ) зейнетақы жарналары, сондай-ақ зейнетақы активтерін басқарушылардың инвестициялық қызметі есебінен. 2024 жылдан бастап енгізіле бастаған жұмыс берушінің Жаңа міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ) туралы да ұмытпаңыз.
1 шілдедегі жағдай бойынша оның есебінен қалыптасқан қаражаттың жалпы сомасы 98,9 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар, БЖЗҚ міндеттерінің бірі азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету болып табылады. Қордың мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстан тұрғындарына 457,6 млрд теңгеден астам қаржы төленген.
Зейнеткерлік жасқа толуына байланысты төлемдер 97,3 млрд теңгені құрады. Жинақтаушы зейнетақының орташа мөлшері 33 883 теңгені құрады – бұл өткен жылғы сомадан 5,52%-ға артық.
Алайда, бұл мемлекеттік зейнетақының орташа мөлшерінен едәуір аз. Бірақ бір жыл ішінде жасына байланысты ай сайынғы төлемнің ең жоғары мөлшері әлдеқайда өсті – бірден 27,34%-ға және 1 шілдедегі жағдай бойынша 945 752 теңгені құрады. Сондай-ақ, БЖЗҚ мынаны жүзеге асырды: тұрғын үйге және емделуге біржолғы зейнетақы төлемдері – 190,4 млрд теңге; мұрагерлік бойынша төлемдер – 28,6 млрд теңге; Қазақстаннан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 17,9 млрд теңге; мүгедектігі бар адамдарға төлемдер – 1,5 млрд теңге; жерлеуге төлемдер – 4,9 млрд теңге; сақтандыру ұйымдарына аударымдар жүзеге асырды – 117 млрд теңге.