Қазақстанда елтаңба өзгерген жағдайда банкноттар өзгеруі мүмкін бе?
Ұлттық банк Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасын өзгерту туралы шешім қабылданған жағдайда банкноттар өзгеруі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі Kazinform АА сілтеме жасап.
«Банкноттар мен монеталардағы мемлекеттік рәміздерді ауыстыру мәселесі түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін және Қазақстан Республикасының тиісті заңнамалық актілеріне қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін қаралуы мүмкін», – делінген Ұлттық банкте.
Ведомство бұл жерде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заң сөз етіліп отырғанын айтты.
Еске салайық, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекеттік елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс айтқан болатын. Мемлекет басшысының пікірінше, қоғамдық талқылау жүргізетін арнайы комиссия құрып, Қазақстанның жаңа мемлекеттік елтаңбасының ең үздік эскизіне ашық конкурс жариялауға болады.