Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстанда қорқор үшін салынатын айыппұлдың көлемі артуы мүмкін

Қазақстанда қорқор үшін салынатын айыппұлдың көлемі артуы мүмкін

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елдегі қоғамдық орындарда қорқор қоспаларын тұтынуға тыйым салатын заң сақталмайды деп санайды. Бұған айыппұлдың аздығы себеп, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі 24.kz. арнасына сілтеме жасап.

Мәжіліс өткен қыста тіпті қорқорға толық тыйым салуды ұсынды. Себебі, полиция рейдтері барысында елордадағы қоғамдық тамақтану орындарында қорқор шегу жайты тіркелді.

Санэпидемиологтардың айтуынша, ауаға таралған түтін, шайыр және табак тек қорқор шегушінің ғана емес, айналасындағылардың да өкпесіне кері әсер етеді.

Қорқордың бір әзірлемесі бір жарым сағат шегуге жетеді. Осы уақыт ішінде жұтылған түтін көлемі темекі түтінінен жүздеген есе көп. Гигиена да зардап шегеді, өйткені ұжым көбінесе бір түтікшені пайдаланады. Депутаттар темекі қоспаларына қарсы заңдар тым жұмсақ деп санайды.

“Мен депутаттарымыздың қоғамдық орындарда қорқор ұсынғаны, қорқор жеткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту және қорқор шеккені үшін көзделген айыппұлдың көлемін ұлғайту жөніндегі түзетулерін қолдаймын”, — деді мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова.

Қорқор қоспалары елге техрегламент бойынша әкелінеді, тауар кеденде декларацияланады. Елде шегумен тек әкімшілік кодекстің 441-бабы “Белгіленген жерлерде табак өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу” бойынша ғана күресуге болады. Өткен жылы осы бап бойынша 18 мың қазақстандық жазаланды.

Shares