«Қолын байлап, далада сүйреген»: Жетісуда әйелді қатыгездікпен өлтіру ісі тергеліп жатыр
Жетісу облысы Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында қоғамда үлкен резонанс тудырған ауыр қылмыс орын алды. 32 жастағы әйел адам қатыгездікпен соққыға жығылып, көз жұмды. Оның өліміне күйеуі күдікті ретінде танылып отыр, деп хабарлайды QZ NEWS Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиғаның жантүршігерлік жайттары туралы журналист Сандуғаш Дүйсенова мәлім етті. Марқұм Айзаттың туыстарының айтуынша, ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, артынша ер адам әйелін бірнеше сағат бойы аяусыз соққыға жыққан. Оқиға екі жасар қызының көз алдында болған.
Сот-медициналық сараптама әйелдің ауыр жарақат алғанын анықтады: жабық бас-ми жарақаты, миының ісінуі, бас сүйек, аяқ-қол және жамбас сүйектерінің сынуы тіркелген. Сонымен қатар, оның денесінде қатты беткеймен сүйрелген іздер де болған.
Туыстарының айтуынша, Айзаттың қол-аяғын арқанмен байлап, далада сүйреген. Қолының білегіндегі терісі сыпырылып, етке дейін жыртылған жарақаттар ерекше назар аудартты.
Айзат 22 маусым күні түнде Талдықорған қаласындағы ауруханаға жеткізіліп, жарты сағаттан кейін қайтыс болғаны анықталған. Алайда туыстары оны ауруханаға әкелген кезде-ақ мерт болған деп есептейді. Олардың айтуынша, марқұмның денесіндегі зорлық белгілерін жасыру үшін оны жуындырып, киімін ауыстырған. Куәгерлердің сөзінше, марқұмның күйеуі ауруханаға мас күйде келіп, агрессивті мінез танытқан. Бұған дейін оның өңірдегі бір ауылдың әкімі болуға ниетті болғаны да айтылған.
Күдікті өз сөзінде әйелінің «селфи жасап жатқанда терезеден құлап кеткенін» айтқан. Алайда Айзаттың туыстары оны азаптағанын және қылмысты жасыруға тырысқанын алға тартып отыр. Жетісу облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі — «Адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге әкелу» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Марқұмның туыстары істі «ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» бабына қайта саралауды талап етуде.
Облыстық ПД мәліметінше, күдікті ұсталып, сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Тергеу ерекше бақылауға алынған. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында ауыл тұрғыны жанұялық жанжал кезінде әйелін және енесін өлтірген болатын. Осыдан кейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде үрейлі хабарламалар тарады. Кейін полиция күдіктінің ұсталғанын растаған.