Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » ҚР Президенті: «Инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген жағдайда, жұмыс орындарын сақтау жөнінде ақылға қонымды міндеттемелер қойылуы тиіс»

ҚР Президенті: «Инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген жағдайда, жұмыс орындарын сақтау жөнінде ақылға қонымды міндеттемелер қойылуы тиіс»

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында инвестициялық бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды QZ News.

«Біз қазіргі бәсекелестік жағдайында заман талабынан артта қалуымыз мүмкін. Елге сапалы инвестициялар қажет екені анық. Алдыңғы қатарлы технологияларға негізделген және сыртқы нарықтарға бағытталған жобаларды әдетте шетелдік инвесторлар ұсынады. Өткен жылдың тоғыз айында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 12,7 миллиард долларды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36%-ға төмен», – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті.

Тікелей шетелдік инвестицияларды тарту қарқыны Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында төмендеген. Жеке инвестициялардың көлемінің қысқаруы бюджет қаражатымен өтелуде.

«Бюджет қаражатының тапшылығы жағдайында сапалы инвестициялар ұсынатын адал инвесторлар үшін қосымша артықшылықтар қарастырылуы тиіс. Бұл саясат менің экономиканы либерализациялау стратегияма сәйкес келеді», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, Үкімет инвесторларды іздеуді, қолдауды және қорғауды барлық деңгейде – шетелде, өңірлерде, орталықта – күшейтетін тұтас экожүйе құруы қажет.

«Бұл саясат шетелдік және отандық инвесторларға қатысты. Сонымен қатар, мемлекеттен қолдау алған инвесторларға жұмыс орындарын сақтау, өндірісті модернизациялау және экологиялық талаптарды сақтау сияқты ақылға қонымды міндеттемелер қойылуы тиіс», – деп қорытындылады Мемлекет басшысы.

Shares