СҚО-да көктемде жас басқарушыларды іріктеу жүргізіледі
1 наурызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу басталады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
ҚР МҚІА СҚО бойынша Департаменті хабарлағандай, жобаның негізгі мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту.
“Іріктеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Кадр комиссиясы жүзеге асырады. Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады»,- дейді ҚР МҚІА СҚО бойынша Департаментінің басшысы Дулат Тайшабай.
Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Салалық бағыттары мен резервшілердің нақты санын өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, Өңірлік кадр комиссиялары айқындайды.