«Туысқандардың көмегімен күн көремін»: Қаржы министрлігінде қандай аударымдар тексерілетіні туралы айтылды
Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл Үкіметтегі брифингте егер туыстардан 1 миллион теңгеден асатын қаражат келсе, ол тексеріле ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды QZ News тілшісі NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Бұл мәселені журналистер көтерді.
— Егер мен туыстарымның көмегімен өмір сүріп, ай сайын 300 мың теңге алып отырсам, маған сұрақтар қойыла ма? Ал қайырымдылық жинаумен айналысатын адамдар ше – олар да тексеріле ме? Неліктен мобильді аударымдарға 1 миллион теңге шегі белгіленді? – деп сұрады олар.
Жауап ретінде Дәурен Кеңбейіл бұл сома үш күнтізбелік ай ішінде есептелетінін атап өтті.
— Бұл бір айда емес, үш айлық кезеңге белгіленген шек. Яғни айына шамамен 300 мың теңге. Бұл соманы Мемлекеттік кірістер комитетіндегі әріптестеріміз аударымдарға қатысты репрезентативті деректерге сүйене отырып белгіледі. Олар бұл соманы шартты түрде қауіпсіз деп санайды. Бұл шешім Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте мақұлданған. Мұндай мәселе көтерілді, шешімі талқыланды. Меніңше, бұл – мемлекеттік орган тарапынан дұрыс шешім, – деді ол.
Спикердің айтуынша, мұндай шекке жеткен азаматтар салық органдарына аударымның мәнін түсіндіруі тиіс.
— Егер сіз ешқандай кәсіпкерлікпен айналыспасаңыз, бұл қаражат туыстарыңыздан келгенін түсіндіресіз. Онда сізге ешқандай сұрақ болмайды. Бұл миллион теңге шегіне жиі мобильді аударымдар жасайтын жеке тұлғалар ілігеді. Ал сіз бұл кәсіпкерлік емес, туыстық көмектің нәтижесі екенін дәлелдей алсаңыз – мәселе жоқ. Бұл көлеңкелі аударымдарды анықтау үшін жасалып отыр. Осыны түсіну керек. Мұның бәрі адал салық төлеушілер үшін жасалып отыр. Егер бәрін адал жасасаңыз, сізге сұрақ туындамайды. Мақсат – көлеңкедегі адал емес кәсіпкерлерді анықтау. Егер сіз адал болсаңыз, аударымдарыңыз кәсіпкерлікке қатысы болмаса және оны дәлелдей алсаңыз – бұл мәселе емес. Ешқандай сұрақ туындамайды, – деп сендірді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін, наурыз айында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов та қазақстандықтардың мобильді аударымдарын бақылау мәселесіне қатысты пікір білдірген болатын. Ол бұл жаңа бұйрық емес, 2018 жылдан бері қолданыстағы құжат екенін атап өтті.
— Бұл құжатқа тек қосымша критерийлер енгізіліп жатыр – сол бойынша бізге ақпарат беріледі. Біз екі өлшем бойынша бақылау жүргіземіз: үш ай қатарынан 100 түрлі адамнан төлемдер жасалуы және үш ай ішінде жалпы сома 1 миллион теңгеден (яғни 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен) асуы керек. Бұл критерийлер бекітілді, шешім Ұлттық банкпен бірлесіп қабылданды, – деді ол.
Еске сала кетейік, заңсыз кәсіпкерлік белгілері бар мобильді аударымдарды тексеру Қазақстанда 2024 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Өткен жылы бұл бақылау жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы екі кезеңіне іліккен азаматтарға — мемлекеттік қызметкерлерге, мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне қатысты жүргізілді.
Ал 2025 жылы мемлекеттік органдар заңсыз кәсіпкерлік қызмет белгілері бар «күмәнді» мобильді аударымдарды да тексереді. Бұл жеке кәсіпкерлерге (ЖК), заңды тұлғалар басшыларына және олардың жұбайларына да қатысты болады.