1 қыркүйекте Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге құжат қабылдау басталады
Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысының талантты жастар үшін пәрменді әлеуметтік лифт болып табылатын алғашқы жария бастамаларының бірі.
БІРІНШІ КЕЗЕҢ – құжат қабылдау. Резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz сайтында онлайн режимде жүзеге асырылады.
ЕКІНШІ КЕЗЕҢ – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған екі бөлек тестілеу блогынан тұрады.
ҮШІНШІ КЕЗЕҢ – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған.
ТӨРТІНШІ КЕЗЕҢ – құзыреттерді бағалау. Мұнда кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады.
БЕСІНШІ КЕЗЕҢ – сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады.
АЛТЫНШЫ КЕЗЕҢ – Ұлттық комиссияның отырысы. Отырыста Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады.
Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар:
– ҚР азаматтылығы бар;
– жасы 35-тен аспаған;
– жоғары білімді;
– 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі;
– мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген болуы қажет.
Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар жіберілмейді.