Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » 2025 жылы Қазақстандағы барлық арнайы ХҚО-ларда «Арнайы ХҚО-дағы жеке менеджер» сервисі енгізілді

2025 жылы Қазақстандағы барлық арнайы ХҚО-ларда «Арнайы ХҚО-дағы жеке менеджер» сервисі енгізілді

Бұл сервис қызмет алушыларды кезексіз қабылдап, олардың құжаттарын рәсімдеуді жылдамдатады, осылайша күту уақытын едәуір қысқартады, деп хабарлайды QZ News.

Жеке менеджерге арнайы ХҚО-ның ресепшн бөліміне жүгіну арқылы баруға болады. Менеджер кезексіз қабылдап, көлік құралдарын тіркеу, есепке алу және есептен шығару, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін беру бойынша құжаттарды рәсімдейді.

Қызметті таңдағаннан кейін азамат жеке менеджерге жіберіледі. Менеджер қажетті келісімшартты әзірлеп, құжаттарды рәсімдеп, оларды жалпы тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органға жолдайды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев:
«Азаматтарға арналған үкімет» – халыққа қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығын арттыруды басты міндеттердің бірі деп санайтын клиентке бағытталған компания. Қызметті жедел алуға деген сұранысты ескере отырып, біз 2024 жылы бұл сервисті пилоттық режимде Қазақстанның 4 қаласында іске қостық. Ал 2025 жылдан бастап оны еліміздегі барлық арнайы ХҚО-ларда енгіздік».

Айта кетейік, «Арнайы ХҚО-дағы жеке менеджер» жобасы алғаш рет пилоттық режимде Астана, Алматы, Шымкент және Орал қалаларында іске қосылды. Жарты жыл ішінде тиімділігін дәлелдеп, бүкіл ел бойынша кеңейтілді.

Еске сала кетейік: Арнайы ХҚО-ларда құжаттарды қабылдау дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі. Сенбі күні кезекші арнайы ХҚО-ларда 9:00-ден 12:00-ге дейін жұмыс істейді.

Shares