Аңшы мылтығын заңсыз сақтап, тасымалдағаны үшін ер адамға 78 000 теңге айыппұл салынды
Есіл аудандық соты аңшы мылтығын сақтау және тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін азамат З.-ны әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды QZ News.
Оқиға 28 наурызда Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы «Чириковка–Қарағаш» автожолында болған. Полиция қызметкерлері жүргізген тексеру барысында көліктен 16 калибрлі «ИЖ-К» үлгісіндегі бір ұңғылы тегіс ұңғылы аңшы мылтығы табылды.
Қазақстан Республикасының «Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы» Заңына сәйкес, қару иелері оны ішкі істер органдарында тіркеп, сатып алуға, алып жүруге және сақтауға рұқсат алуы тиіс.
Бұзушының кінәсі оның мойындауынан бөлек, іс бойынша жиналған өзге де дәлелдермен расталды.
Сот З.-ны кінәлі деп танып, оған мемлекет пайдасына 78 640 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды. Мылтық тәркіленді. Сот қаулысы заңды күшіне енді.