Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Аққайың ауданында жаңа мешіт тұрғызу үшін шамамен 130 млн теңге қажет

Аққайың ауданында жаңа мешіт тұрғызу үшін шамамен 130 млн теңге қажет

Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында жаңа мешіт салынады. Естеріңізге сала кетейік, нысан демеушілер мен іске бейжай қарамайтын қазақстандықтардың қайырымдылық ақшасы есебінен бой көтереді. “Аққайың-Асар” қоғамдық қоры өкілдері айтқандай, жобаны іске асыру үшін шамамен 130 млн теңге қажет, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Қазіргі уақытта 17 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Ақшаны іске бейжай қарамайтын тұрғындар да, қалталы азаматтар да аударып жатыр. Ашықтық пен мөлдірлік үшін жоба және қаржы жинау туралы негізгі ақпарат жария етілетін арнайы сайт жұмыс істейді.

Нысанның құрылысына арналған жер учаскесі қазірдің өзінде анықталған. “Аққайың-Асар” қорында айтылғандай, мешіт жобасы жақын арада дайын болады. Жобалаумен жергілікті компания айналысып жатыр.

“Келесі кезең – құрылыс жұмыстары үшін мердігерді іздеу. Содан кейін жер жұмыстарын бастауды, ескі іргетасты бөлшектеуді, жаңа іргетас құюды және қабырғаларды көтеруді жоспарлап отырмыз”, – деп атап өтті ұйым басшылығы.

Мешіт екі деңгейлі болады. Бірінші қабатта – әйелдер залы, екінші қабат – негізгі. Бір уақытта ғимаратқа 150 адам сия алады. Білім алу үшін сынып, кітапхана бөлмесін және іс-шаралар өтетін орын ашу жоспарланып отыр.

Сайтта жарияланған жобаға сүйенсек, ғимараттың сыртын безендіру үшін гранит, кірпіш және жылтыратылған керамикалық плиткалар қолданылады. Мешітке кіру үшін қатты ағаштан, ойылған есік қою жоспарлануда. Ал түстер өзінің әралуандығымен таң қалдырады – ақшыл, ақ, көк, қызғылт, көгілдір, алтын түстерді пайдалану көзделген. Аумақты абаттандыру жұмыстары да ұмыт қалмайды.

Жоспарлы есептеулер бойынша мешіт құрылысына 2-2,5 жыл қажет болады. “Аққайың-Асар” қорында атап өтілгендей, жобаны іске асыруға жәрдемдесуі мүмкін халықаралық қайырымдылық ұйымдарына үндеу дайындалуда.

Айта кетейік, Аққайың ауданында барлығы екі мешіт бар. Біреуі Смирново ауылында – элеватор кеңсесінің ескі ғимаратында орналасқан. Жаңа нысанды салу мәселесі 20 жыл бойы талқыланып келеді. Екінші мешіт Дайындық ауылында орналасқан.

Shares