Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Аққайың ауданындағы Смирново ауылында жаңа мешіттің учаскесі дайындалуда

Аққайың ауданындағы Смирново ауылында жаңа мешіттің учаскесі дайындалуда

Аққайың ауданының Смирново ауылында жаңа мешіт тұрғызу жоспарлануда, қазір учаске тазартылып, қажетсіз іргетас бұзылып жатыр. «Аққайың-Асар» қоғамдық қоры өкілі QZ News тілшісімен тілдесіп, бүгінгі таңда қаражат жинау қалай жүріп жатқанын, құрылысқа кім көмектесетінін және жобаны жүзеге асыру үшін не керектігін айтып берді.

Бүгінде Аққайың ауданында барлығы екі мешіт бар. Біреуі Смирново ауылында – элеваторлық кеңсенің ескі ғимаратында орналасқан. Мұнда жаңа нысанның құрылысы мәселесі 20 жылдан бері талқыланып келеді. Екінші мешіт Дайындық ауылында орналасқан.

Жаңа мешіт меценаттар мен қамқор қазақстандықтардың қайырымдылық қаражаты есебінен салынады. Бүгінгі таңда 19 825 127,5 теңге жиналды. Құрылыстың жалпы сомасы алдын ала есептеу бойынша 130 млн теңгені құрайды.

“Өкінішке қарай, қаражат жинау әлі белсенді жүріп жатқан жоқ. Қаражатты негізінен облыс тұрғындары жіберуде, сондай-ақ, жиын бұрынғы Смирново мешітінде орнатылған қайырымдылық жәшігі арқылы жүргізілуде. Аграрийлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де әзірге белсенді көмек көрсетпейді, себебі астық жинау науқаны әлі толық аяқталған жоқ. Жақын арада аудан кәсіпкерлерімен кездесуді жалғастырамыз”, – деп атап өтті “Аққайың-Асар” қоры өкілі.

Ақша аударған облыс тұрғындары әлеуметтік желілерде «Мешіт неге салынбайды және жұмыс қашан басталады?» деген сынды сұрақтар қояды. Қор өкілі түсіндіргендей, мәселе сметада және жоба бойынша ескертулер бар. Осыған байланысты әзірге құрылыс ұйымдарымен құрылыстың барлық аспектілерін егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік жоқ.

“Жақында мешіт құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан түпкілікті өтеді. Осы аптада сараптамадан смета шығуын күтеміз. Содан кейін бірден құрылысшылармен кездесіп, жер учаскесінде жер жұмыстарының басталуы мен барлық тұстарды егжей-тегжейлі талқылайтын боламыз”, – делінген хабарламада.

Мешіт салу туралы үндеуге үш ірі отандық құрылыс компаниясы жауап ұсынды. Мұнда топырақ пен климаттың ерекшеліктерін білетін жергілікті құрылысшыларға басымдық беріледі.

Сондай-ақ қор жобаны іске асыруға ықпал ете алатын халықаралық қайырымдылық ұйымдарына үндеу дайындады.

“Олармен шілде айынан бастап жұмыс жүргізудеміз. Бүкіл әлемде көмектесетін қорлар құрылған, соның ішінде мешіт салу бойынша 14 қор бар. Екеуі Қазақстанда жұмыс істемейтіндіктен бірден бас тартты, қалғандары, өкінішке қарай, әзірге жауап берген жоқ. Жақында ислам елдеріндегі Қазақстанның Елшіліктерімен және Консулдықтарымен жұмыс істей бастадық. Мақсатымыз – біздің бастамаларымызды қолдайтын, ислам жобаларын қолдауға мүдделі әлеуетті инвесторлармен немесе Қорлармен байланыс орнату. Жұмыс үнемі жүргізіліп келеді және тоқтамайды”, – деп бөлісті “Аққайың-Асар” қоры өкілі.

Еске салайық, жобаға сәйкес мешіт екі деңгейлі болады. Бірінші қабатта әйелдер залы болса, екінші қабат негізгі болады. Бір уақытта ғимаратта 150 адам бола алады. Жоспарда оқыту үшін сынып, кітапхана және іс-шаралар өткізу үшін арнайы орын ашу бар. Ғимаратты сыртқы әрлеу үшін гранит, кірпіш және глазурленген керамикалық тақтайшалар пайдаланылады. Мешіттің басты кіреберісіне қатты ағаштан жасалған есік орнату жоспарланған. Құлшылық ету орнының түсі өзінің алуан түрлілігімен таң қалдырады. Аумақты абаттандыру туралы да ұмытпаған. Өзіндік жоспар бар.

Шамамен алғанда, Смирноводағы мешіттің құрылысына 2-2,5 жыл кетеді.

Shares