Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » «Береке» шағын ауданында жаңа жайлы мектептің ашылуына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр

«Береке» шағын ауданында жаңа жайлы мектептің ашылуына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр

Петропавл қаласындағы «Береке» шағын ауданы қарқынды дамып келеді. Мұнда заман талабына сай әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бұған дейін мұнда ерекше балаларға арналған арнайы мектеп, заманауи балабақша және көпфункционалды спорт кешені бой көтеріп, тұрғындар үшін маңызды нысандарға айналды. Енді бұл ауданда 600 оқушыға арналған жаңа жайлы мектептің ашылуы күтілуде. Бұл жоба «Береке» шағын ауданын одан әрі тартымды әрі қолайлы мекен етуге ықпал етпек, деп хабарлайды QZ News.

Қазақстанда 2022 жылдан бері «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Бұл бастама үш ауысымды оқыту мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Солтүстік Қазақстан облысында 2023 жылы «Береке» және «Орман» шағын аудандарында әрқайсысы 600 орындық екі мектептің құрылысы басталды.

«Орман» шағын ауданындағы жайлы мектеп құрылысы аяқталып, 2024 жылдың 11 қарашасында оқыту процесі басталды. Қазіргі уақытта мұнда 1–11 сынып аралығында 452 оқушы және мектепалды дайындық тобында 16 бала білім алуда. Педагогтардың жалпы саны — 42, оның 5-еуі қоса атқарушы. «Орман» шағын ауданындағы мектеп заманауи жиһазбен, компьютерлік техникамен және интерактивті құрылғылармен жабдықталған.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, «Береке» шағын ауданындағы 600 орындық жайлы мектептің құрылысын «Единство» ЖШС (Петропавл қаласы) жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың шілдесінде аяқталады деп жоспарланған. Ақпан айында мектептің қасбеті қапталып, ішкі инженерлік желілер тартылып, едендер бетон қоспасымен құйылды. Сыртқы инженерлік желілер де жүргізілді.

Жаңа мектепте физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша жаңа үлгідегі кабинеттер, STEM-зертхана, робототехника сыныптары, интерактивті панельдер, шеберханалар және кең спорт залдары болады.

Shares