Бөгеттің бұзылуына байланысты Бескөл ауылынан адамдарды эвакуациялау басталды
13 сәуірге қараған түні Бескөл ауылында Есіл өзені суының қатты қысымына байланысты қорғаныш бөгетінің бір бөлігі сыр берді. Шыдас бермеген тұс Жамбыл-Береговой көшелерінің қиылысында орналасқан, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Судың бұзу нүктесі биіктігі 3,5 метр жерде болды. Бөгеттің ұзындығы 2500 метр, ені 6 метрге дейін, ал биіктігі 3,5 метрге дейін. Береговой, Киров, Қарасай батыр көшелерінде орналасқан жаңа ғимараттардың тұрғындарын, сондай-ақ Махметов, Баукенов, Монтажшылар, Степан Разин көшелеріндегі соңғы үйлерді эвакуациялау жүргізілуде. Адамдарды қабылдау және эвакуациялау үшін келесі пункттер дайындалды: мектеп-колледж, №2 мектеп, Парасат, №3 мектеп”, – делінген Қызылжар ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, Есіл өзеніне жақын орналасқан Киров, Береговой және Қарасай батыр көшелерінің тұрғындары ТЖ дейін алдын ала эвакуацияланды.