Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Петропавлда тасқыннан зардап шеккендермен кездесті

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Петропавлда тасқыннан зардап шеккендермен кездесті

Светлана Жақыпова су тасқыны салдарынан қауіпсіз орынға көшірілген Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті, «Солнечный-2» шағын ауданында үлкен судан зардап шеккендерге арналған үйлер құрылысының барысымен танысты, сондай-ақ «Подгора» шағын ауданында тұрғын үйді қалпына келтіру жөніндегі жедел штабқа барды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Министрлік басшысы жұмыс сапары аясында барған алғашқы нысандардың бірі Петропавл қаласының «Подгора» шағын ауданындағы тұрғын үйді қалпына келтіру жөніндегі штаб болды. Светлана Жақыпова механикаландырылған бригадалардың жұмысымен танысты. Штаб құрамына облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, жылжымайтын мүлікті бағалаушылар, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары кіреді.

Осыдан кейін министр И. Даутов атындағы Қызмет көрсету саласы колледжінің жатақханасына барды, онда су тасқынынан зардап шеккен азаматтар үшін 244 орын қарастырылған. Олармен әңгімелесу барысында Светлана Жақыпова барлығына мемлекеттен қажетті көмек көрсетілетініне сендірді. Зардап шеккендердің көпшілігі тұрғын үйді қалпына келтіру мәселелеріне қызығушылық танытты.

«Бірінші кезекте зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем жүзеге асырылды. Тұрғын үйді қалпына келтіруге қатысты бұл мәселелерді арнайы комиссия мұқият қарастырады. Қираған тұрғын үйдің орнына жаңа тұрғын үй беріледі немесе екінші нарықта дайын тұрғын үйді сатып алу жүзеге асырылады. Егер тұрғын үй тұруға жарамды болса, бірақ жөндеуді қажет етсе, онда сәйкесінше жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар, несиелер мен қарыздар бойынша кейінге қалдыру қарастырылған», – деді министр.

Сондай-ақ, Светлана Жақыпова 5,5 мыңнан астам отбасына автоматты түрде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының 410 отбасына тағайындалғанын атап өтті. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі мүгедектігі бар адамдарға қайта куәландыру мерзімдері, сондай-ақ тиісінше жеке абилитация және оңалту бағдарламаларын іске асыру мерзімдері ұзартылды. 118 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жұмыс штаттық режимде жүзеге асырылады.

Сонымен бірге Еңбекминінің басшысы «Солнечный-2» шағын ауданына барды, онда «Қазақстан халқына» қорының қаражатына ауданы 80 шаршы метр су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 100 үйдің құрылысы жүргізілуде.

 

Shares