Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Есіл ауданында атқарылмаған жұмыс үшін төлем жасаған шенеунікке сөгіс жарияланды

Есіл ауданында атқарылмаған жұмыс үшін төлем жасаған шенеунікке сөгіс жарияланды

Есіл ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік іс Әдеп кеңесінің отырысында қаралды. Есіл ауданының прокуратурасы су тазарту блок-модульдерін орнатуға қатысты жұмыстардың толық орындалмағанын анықтаған, деп хабарлайды QZ NEWS.

Тексеру нәтижесінде Лузинка, Қаратал, Қараағаш, Тонкошуровка және Жамбыл ауылдарында мердігерлер су тазарту кешенді блок-модульдерін жеткізгені белгілі болды. Алайда, бұл жабдықтар орнатылып, іске қосылмаған. Соған қарамастан, аудандық бөлім басшысы тауарды қабылдап алу актілеріне қол қойып, мердігерлерге толық сома — 39,7 миллион теңге аударған.

«Оның әрекеті Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 10-бабы 1-тармағы мен 50-бабы 1-тармағына сәйкес заң бұзушылық болып саналады. Бұл – мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық, яғни мердігерлерге негізсіз артықшылық беріп, толық орындалмаған жұмыс үшін төлем жасау. Заң бойынша мұндай бұзушылықтар қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болмаған жағдайда да ескерту мен жұмыстан босатуға дейінгі тәртіптік жазаға әкелуі мүмкін», – делінген Әдеп кеңесінде.

Кеңес шешімі бойынша Есіл ауданының бөлім басшысына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

Заңнамаға сәйкес, егер мемлекеттік қызметші осы тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде дәл осындай тәртіп бұзушылыққа қайта жол берсе, оны жұмыстан босату қарастырылған.

Shares