Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Имантау ауылдық округі әкімі аппаратының маманы жауапқа тартылды

Имантау ауылдық округі әкімі аппаратының маманы жауапқа тартылды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне жыл басынан мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша 27 өтініш келіп түсті. Негізінен, адамдар жер қатынастары, көлік және коммуникация, құжаттау, мәдениет, ақпарат және байланыс салаларындағы іс-әрекеттерге шағымданған, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында құзыретті органдарға сұрау салулар жіберілді, 7 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

“Тексеру қорытындысы бойынша үш өтініш берушінің дәлелдері расталып, нәтижесінде олардың құқықтары толық қалпына келтірілген. Мәселен, ағымдағы жылдың тамыз айында департамент Айыртау ауданы Имантау ауылдық округі әкімі аппаратының «Сауда-саттықты (аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтар алу» мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі әрекеттеріне шағымды қарады. Өтініш беруші Имантау ауылында жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскесін алу үшін округке жүгінген. Алайда өтініш берушіге бас тарту берілді”,- делінген мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің хабарламасында.

Департамент араласқаннан кейін сұралған жер учаскесі берілді. Қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді. Бұл ретте, тексеру барысында тыңдау рәсімі өткізілмегендігі анықталды, сөйтіп мемлекеттік қызмет көрсету рәсімі бұзылды.
Мемлекеттік қызмет көрсету Қағидаларының талаптарын сақтамағаны үшін округтің мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты маманы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтары бұзылған жағдайда 36-01-62 телефон нөмірі бойынша жүгіне аласыз.

Shares