Кәсіби фотограф әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқандардың өмірін көрсетті
Петропавл қаласының әйелдер колониясы сотталғандарының өмірі және күн тәртібімен танысу мүмкіндігін кәсіби фотограф Никита Выгузов иеленді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Никита осы қызмет түрімен екі жылдан бері айналысады. Оның фотосуреттері Еуропа мен АҚШ журналдарының беттерінде басылып шығады, ал репортаждық фотосуреттердің бірі жылдың үздік 100 фотосуретін таңдау үшін “35AWARDS” 9 жылдық тарихы бар Халықаралық жыл сайынғы фотобайқаудың екінші кезеңіне өтті.
“Мен үшін фотосурет – бұл әлемді әртүрлі қырынан көру, өз ойын білдіру тәсілі. Екі жыл бойы мен әртүрлі қызықты түсірілімдер жасадым, бірақ осындай бағыттағы бұл менің алғашқы фото жобам. Жұмыс барысында өте оғаш сезімдер болды. Түсірілім маған қатты әсер етті! Мен бұл әйелдердің қылмыс жасағанын түсіндім, бірақ олардың шынайы күлкілері, кішкене болса да қуаныштары маған үлкен әсер қалдырды. Жалпы өте ұнады және осы түсірілімнен кейін кәдімгі және сахналанған фотосессияларды түсіру мен үшін қызықсыз болады деген ойға келдім”, – деп бөлісті жас жігіт.
Мекемеде 290-ға жуық сотталған жазасын өтеп жатыр, оның 97,3 пайызы 7 түрлі жеке кәсіпорында жұмысқа орналастырылған. Әрбір мекемеде сотталғандардың жұмыс күндері мекеме бастығы бекіткен регламенттелген күн тәртібіне сәйкес сотталғандардың қандай да бір құрамымен жұмыс істеу ерекшеліктерін, жыл мезгілін және жергілікті жағдайларды ескере отырып ұйымдастырылады.
Күн тәртібіне ұйқыдан тұру, тексеру, ұйқыға жату, дене шынықтыру, тамақ ішу, жұмысқа тарату, жұмыста, оқуда, тәрбие және спорттық-бұқаралық іс-шараларда, кездесу бөлмелерінде, дүкенде, мекемеде орналасқан медициналық ұйымда болу, телефон арқылы сөйлесу уақыттары кіреді. Яғни, сотталғанның қайта тәрбиеленуіне ықпал ететін психологиялық және физикалық әсерлердің қажетті кешенін қамтиды.
Апта сайын мекеменің тәрбие бөлімінің қызметкерлері мен психологтары түрлі тәрбие іс-шараларын өткізеді. Мереке қарсаңында концерттер, спорттық жарыстар, ашық есік күндері, мамандарды шақыра отырып шеберлік сыныптары және т. б. ұйымдастырылады.
Әйелдер бос уақытын кітапханада кітап оқып, содан кейін “Элегия” әдеби клубы өткізетін іс-шара аясында оқығандарын талқылап өткізгенді ұнатады. Сонымен қатар, олар арт-терапияға қатысып, әндер шырқап, дойбы мен шахмат ойнайды, қолөнермен айналысады.