Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Көрінбейтін майдан жауынгерлері: 15 ақпанда операциялық медбикелер кәсіби мерекелерін атап өтеді

Көрінбейтін майдан жауынгерлері: 15 ақпанда операциялық медбикелер кәсіби мерекелерін атап өтеді

15 ақпанда операциялық медбикелер өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Бұл күн 2009 жылы Еуропалық операциялық медбикелер қауымдастығының бастамасымен таңдалды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Бұл істің мамандары пациенттерді операцияға дайындайды, сонымен қатар ота орнын әзірлейді. Операциялық мейірбикелер хирургиялық операцияларға қатысады, топ мүшелерін қажетті құралдармен, материалдармен, аппаратурамен қамтамасыз етеді. Рузана Богомолова өмірінің 12 жылын осы мамандыққа арнады. Ол өзінің жүрек таңдауына бір сәт те өкінген емес.

“Мамандық өте қызықты. Менің ойымша, мен басқа жерде жұмыс істей алмас едім. Медбикелер күйзеліске төзімді, біздің жұмыста тез және дұрыс әрекет ету аса маңызды. Хирург қолын созады, мен қандай құрал беру керектігін білемін. Бізде дәрігерлер көп, әрқайсысын сезіп тұрамын. Себебі бізде жедел медициналық жәрдем ауруханасы бар, сонда жиі шұғыл операция жасаймыз, науқастар қиын жағдайда келеді. Жадымда 9 сағатқа созылған күрделі операция қалды. Бұл пышақ жарақаты болды. Операция сәтті өтті, науқас өмірге қайта оралды. Отаға бірнеше хирург жұмылдырылды”, – деді көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының операциялық медбикесі Рузана Богомолова.

Солтүстікқазақстандық өзінің алғашқы операциясын әлі ұмытпаған. Рузана Богомоловаға қорқынышты болыпты, бірақ ол толқуды жеңе білген.

“Ең бірінші операция – асқазанды резекциялау. Көлемді операция, хирургтарға рахмет, кеңес берді, бағыттады. Оқудан кейін жұмысқа кірісу қиын дер едім, бірақ тырыссаң бәрі қолдан келеді. Орташа алғанда, бізде күніне 7-8 ота жасалады. Әрине, қиын сәттер болады. Бірақ, мен әрқашан жиналуға тырысамын, науқас туралы ойлау керек екенін білемін. Өз кезегінде науқастар алғыс, жылы сөздер айтады, оларды жақсы көңіл-күйде көру, үйге сау жіберу – біздер үшін үлкен бақыт”, – деді Рузана Богомолова.

Азаматша өзінің таныстары мен туыстарына жасалған операцияларға да қатысыпты. Рузана Богомолова мұндай оталарда да эмоцияға ерік бермеген. Яғни, операциялық медбике нұсқауларға сәйкес әрекет етіп, өзін салқынқанды ұстаған екен.

 

Shares