Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер СҚО-да талқыланды

МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер СҚО-да талқыланды

Петропавлда Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заңын түсіндіру мақсатында өңірлік штабтың ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.

Штаб Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы 14 шілдедегі бұйрығына сәйкес құрылды. Оның құрамына ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті, Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК-ның СҚО филиалы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының СҚО филиалының өкілдері кірді.

Өңірлік штаб мүшелері «AMANAT», «Ауыл», «Қазақстанның халық партиясы» саяси партияларының өкілдерімен, «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының жетекшісімен, СҚО бойынша «SENIM» салалық кәсіподағы филиалының төрағаларымен, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалының директорымен және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті.

СҚО бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Айнагүл Дәулетчина «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға енгізілген өзгерістер жөнінде жан-жақты түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл өзгерістер денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және оны дамытуға бағытталған.

«Жаңа заңның арқасында 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік осал топтағы 1 миллионнан астам адам медициналық сақтандыру жүйесінің қызметтеріне қол жеткізе алады. 2027 жылдан бастап мемлекет төлейтін жарналар мөлшерлемесінің артуы және есептеу базасының жоғарғы шегінің ұлғаюы есебінен МӘМС жүйесінде елеулі қаражат жиналмақ», — деді Айнагүл Дәулетчина.

Маңызды жаңалықтардың бірі — енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық және шұғыл деңгейіне (D және Е) жататын азаматтар үшін, сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады. Бұл өзгеріс СҚО бойынша 26 мыңнан астам адамды қамтиды.

Өңірлік штаб мүшелері заңға енгізілген басқа да маңызды өзгерістерді түсіндірді. Соның ішінде — соңғы бес жыл қатарынан жарна төлеген азаматтар үшін жарна төлеуде алты айлық үзіліс болған жағдайда да сақтандырылушы мәртебесінің сақталуы (бұрын бұл мерзім үш ай болған). Сонымен қатар, жарна мөлшерлемелерінің ұлғаюы, есептеу шегінің өзгеруі, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметтеріне әділ қолжетімділік және бюджет мүмкіндіктері мен міндеттемелерінің теңгерімділігі қағидаттарына негізделген бірыңғай қызметтер пакетін құру туралы да ақпарат берілді.

Shares