Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Мамлют ауданында үздік еңбек тәлімгерлері анықталды

Мамлют ауданында үздік еңбек тәлімгерлері анықталды

Мамлют ауданында «AMANAT» партиясының аудандық филиалының бастамасымен ұйымдастырылған «Үздік еңбек тәлімгері» байқауы өз мәресіне жетті. Бұл іс-шара жас мамандарды оқытудың тиімді тәсілдерін көрсету мен тәжірибе алмасу алаңына айналды, деп хабарлайды QZ News.

Байқау жеңімпазы – «Пригородная» бастауыш партия ұйымынан Жұлдыз Мұстафина атанды. Ол жоғары кәсіби біліктілігін ғана емес, әріптестерін жеке үлгісімен жігерлендіре алатынын да көрсетті. Екінші орынды «Қалалық» БПҰ-нан Елена Яковлева иеленсе, үшінші орын «Болашақ» БПҰ-нан Ерғали Зиябекке бұйырды. Қатысушылар екі кезеңнен – кейс-стади және әдістемелік презентациялардан өтіп, тәлімгерліктің теориясын тәжірибеде қалай қолданатынын көрсетті.

«AMANAT» партиясының Мамлют аудандық филиалының атқарушы хатшысы Алтын Сағитова тәлімгерліктің маңызын атап өтті.

– Бұл байқау жай ғана жарыс емес. Бұл  ұжымдағы кәсіби мәдениетті қалыптастырып, жаңа қызметкерлердің ашылуына ықпал ететін, кейде көзге көріне бермейтін еңбекті бағалау. Тәлімгерлік рөл емес, бұл шынайы миссия, – деді ол.

Қазылар алқасының құрамына тәжірибелі тәлімгерлер, білім беру саласының өкілдері мен бастауыш партия ұйымдарының мүшелері кірді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Олардың әдістемелік жұмыстары басқа ұжымдарда қолдануға ұсынылатын болады.

Байқау бағдарламасынан бөлек, қатысушылар Ұлттық Домбыра күніне орай «Домбыра – қазақ халқының жаны» атты бейресми кездесу өткізді. Онда домбыраның Қазақстан тарихындағы орны, күйлердің патриоттық тәрбие мен мәдени дәстүрлерді жеткізудегі рөлі талқыланды.

Shares