Облыс әкімі СҚО жедел медициналық көмек орталығының мәселесімен танысты
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық жедел медициналық көмек орталығында болды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Күніне call-орталық өңір тұрғындарынан 500-ден астам қоңырау қабылдап, фельдшерлер шұғыл көмек көрсетіп, адамдардың өміріне араша түседі. Бұл ретте шақырудың ауырлық дәрежесін лезде анықтайтын операторлардың да еңбегі зор. Орта есеппен алсақ, бригада шақыру нүктесіне 5 пен 10 минуттың аралығында жетеді.
Жедел медициналық көмек орталығының басты мәселесі – ғимараттың тарлығы. Мамандардың қолында 22 машина бар, бірақ оларды қою орны тек 12 бірлікке арналған.
“Жедел көмек қызметкерлері аса маңызды жұмысты атқарып отыр, сондықтан оларға барынша қолайлы жағдай жасау керек. Қазір орталық орналасқан ғимарат талапқа сай емес. Мәселені шешу үшін бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Мамандардың пікірін ескере отыра нақты шешім қабылданады”,- деп жазды аймақ басшысы әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, өткен жылы орталық басшылығы өздеріне қолайлы нұсқаны атады – қала орталығында орналасқан ескі троллейбус паркі. Ғимараттың көлемі 4 мың шаршы метрді құрайды. Онда барлық инфрақұрылым мен үлкен орындар бар.