Петропавлда 88 мыңнан астам тұрғын созылмалы аурулар бойынша есепте тұр
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қант диабеті, глаукома, гепатит сияқты ауруларды анықтау мақсатында алдын ала скринингтер жүргізілуде. Мұндай тексерулер екі жылда екі рет өткізіледі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ хабарлайды, деп жазады QZ News.
Биыл онкологиялық ауруларды анықтауға арналған профилактикалық тексерулер де артып отыр. Барлық санаттағы науқастар тексеруден өтуде.
Онкологиялық аурулардың алдын алудың жалғыз тиімді жолы – онкоскрининг. Биыл жатыр мойны обырына тексеру мақсатында 30, 34, 38, 42, 46, 50, 54, 58, 62, 66 және 70 жастағы әйелдердің 90 пайызы қамтылады. Сондай-ақ сүт безі қатерлі ісігін анықтау үшін өңірде тұратын 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдердің 80 пайызы тексеруден өтуі тиіс.
Ер адамдар үшін де түрлі онкологиялық ауруларды анықтауға бағытталған арнайы тексерулер жоспарланған.
«Профилактикалық шараларға медициналық тексерулер, мақсатты топтар арасында скрининг, жүкті әйелдерді бақылау, созылмалы аурулары бар азаматтарды динамикалық бақылау және алдын алу екпелері кіреді. Биыл амбулаториялық деңгейде терапиялық бағытта стационарды алмастыратын қызмет аясында диспансерлік есепте тұрған адамдарды тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде емдеу басымдыққа ие. Қазіргі таңда облыс орталығында осындай есепте 88 мыңнан астам тұрғын тіркелген», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ директорының орынбасары Талғатбек Тілеубердин.