Петропавлда «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы филиалының мерейтойы аталып өтті
Петропавлда «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының 35 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға танымал қоғам қайраткерлері, билік өкілдері және мемлекеттік тілді дамытуға ұзақ жылдар бойы үлес қосып келе жатқан азаматтар қатысты, деп хабарлайды QZ News.
«AMANAT» партиясы СҚОФ-ның атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов ұйымның мерейтойымен құттықтап, партияның саяси тұғырнамасында қазақ тілін дамыту мен насихаттау мәселесі ерекше орын алатынын атап өтті.
«Тіл – Тәуелсіздігіміздің тірегі, ұлттық бірегейлігіміздің негізі. «AMANAT» партиясы мемлекеттік тілдің тек ресми ғана емес, қоғамда шынайы сұранысқа ие болуына мүдделі», – деді Жеңіс Асанов.
Сөз соңында ол партия атынан филиал ұжымына мемлекеттік тілдің рөлін нығайту мен қоғамның рухани дамуына қосқан зор үлесі үшін Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар, іс-шара барысында Жеңіс Асанов «Қазақ тілі» қоғамы СҚО филиалы президиумының құрамына ресми түрде қабылданды.