Петропавлда салынып жатқан жайлы мектептердің жабдықталуы солтүстікқазақстандық өндірушілермен талқыланды
СҚО Кәсіпкерлер палатасының алаңында білім басқармасы өкілдерінің, құрылысшылардың, жиһаз өндірушілердің және “Samruk-Kazyna Construction” АҚ өңірлік өкілінің жұмыс кездесуі өтті. Талқылау тақырыбы – бірегей жоба аясында Петропавлда салынып жатқан екі оқу орнын жиһазбен және жабдықтармен қамту мәселесі, деп хабарлайды QZ Меdia тілшісі.
Петропавлда “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы бойынша 4 мектеп салынады, олардың екеуінің құрылысы 2023 жылы басталды. Нысандар “Орман” және “Береке” шағын аудандарында пайда болады. Әр оқу орны 600 орынға шақталған. Жоспар бойынша жайлы мектептер ағымдағы жылдың қыркүйек айында есігін айқара ашуы тиіс. “Орман” шағын ауданында мектеп салуға арналған конкурстың жеңімпазы – “ASTI” ЖШС (Астана қ.), ал “Береке” шағын ауданында – “Единстое” ЖШС (Петропавл қ.).
Осыған байланысты мектептерді жиһазбен жабдықтау мәселесі қазірдің өзінде талқылауды қажет етеді.
Осы жобаны іске асыру шеңберінде “Атамекен” ҰКП әр облыста жиһаз өнімдерін, құрылыс материалдарын және тиісті жабдықтарды өндіретін компаниялардың тізбесін қалыптастырды. Тізімге екінің бірі енген жоқ. Талапшыл топ таңдалатын кәсіпорынның отандық өндіруші болуын, барлық қажетті өндірістік, сонымен қатар еңбек ресурстары бар екенін растайтын СТ-KZ сертификатының ұсынылуын қатаң тексерді.
Облыстық білім басқармасының өкілдері жиһаз өндірушілерге оқу және пәндік кабинеттердің, асхана және т.б. қандай болу керектігін жіті айтты, парталар мен орындықтардың, шкафтардың, сөрелер мен локерлердің сипаттамаларына да ерекше назар аударды.
Кездесу барысында жергілікті “Регион 715” ЖШС директорының орынбасары Александра Русина сөз алып, білім басқармасының өкілдерінен кабинеттерді қабылдау есебін нақтылауды сұрады.
“Мектептер мен кабинеттердің дизайнын мердігерлер анықтайды, бірақ білім басқармасы ретінде бізге салынып жатқан мектептердегі жиһаздар мен жабдықтардың балаларға шынымен ыңғайлы болуы маңызды. Ол үшін басқарма жұмыс комиссиясын құрды, арнайы топ жайлы мектептердің әлеуетті директорларымен бірлесіп, кабинеттер мен жиһаздардың санитарлық және басқа да талаптарға сәйкестігін, тіпті розеткалардың орналасқан жеріне дейін тексеретін болады. Техникалық тұрғыда қарасақ, қазірдің өзінде айтуды қажет ететін мәселе бар. Сыныптарда 24 балаға арналған 12 парта тұрады және бір адамдық тағы бір парда қойылады. Бірден ескертейін, сыныптар санитарлық жағынан 25 орынға есептелсе де, біз мұндайды құптамаймыз. Сыныпқа кемдегенде 13 парта мен 26 орындық қойылуы тиіс, негізі біз әрқашан қалалық мектептерге 15 парта мен 30 орындық сатып аламыз, өйткені қалалық мектептердегі сыныптарда 25-26 адамның отыратыны – сирек кездесетін жайт. Барлық мектептер оқушыға толып жатыр, сондықтан құрылысқа жауапты жандардың осы мәселеге ерекше назар аударуларын сұраймын”, – деп атап өтті СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
Бұл ретте басшы “Samruk-Kazyna Construction” АҚ жайлы мектептердің талапқа сәйкес жабдықталуы мен тиісті жиһазбен қамтылуын жергілікті білім басқармаларына жүктегенін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде кәсіпкерлер мерзімдердің бұзылуын болдырмау үшін қазіргі таңда мердігерлермен мектеп жиһаздарын өндіруге шарттар жасасу бойынша істі бастау аса маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, ағымдағы жылы тағы екі мектептің құрылысына конкурстар жарияланады. 1200 орынға шақталған нысанның бірі “Қопай” шағын ауданында, ал 900 орынға арналған екіншісі “Жас Өркен” шағын ауданында бой көтермек.