Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда түзету мектеп-интернаты ашылды

Петропавлда түзету мектеп-интернаты ашылды

Петропавлда Республика күні қарсаңында жаңа нысандар ашылуда. 16 қазан күні облыс орталығында заманауи түзету мектеп-интернаты ресми түрде пайдалануға берілді. Ол Береке шағын ауданында орналасқан, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

“Қазақстанда Мемлекет басшысының ерекше қажеттіліктері бар балалардың білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі Жолдауын іске асыру жалғасуда. Түзету мектеп-интернатының ашылуы – біздің өңір үшін маңызды оқиға, мен оған қатысқан құрылысшыларға, бизнес өкілдері мен оқытушыларға алғыс айтқым келеді. Біз ынтымақтастықтың арқасында осы маңызды жобаны іске асыра алдық. Жаңа мектеп – мүмкіндігі шектеулі балалар үшін тең мүмкіндіктер жасау, қауіпсіз және жайлы білім беру кеңістігін қамтамасыз ету ісінде алға жасалған қадам”, – деп атап өтті СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Ашылу салтанатына орай аймақ басшысы жаңа мектеп тәрбиеленушілеріне шағын автобус табыстады. Заманауи оқу орнында оқуға, сондай-ақ жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылған ауылдық балалардың тұруына қолайлы жағдайлар жасалған.

“Мектепте 50 орындық жатын корпусы бар. Нысанның өзі 300 орынға есептелген, Қазіргі таңда бізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 220 бала білім алуда. Білім беру процесінің негізгі мақсаты оларды әлеуметтік бейімдеу және еңбекпен оңалту болып табылады. Мектепте екі ұстаханалық кабинет ашылған, бал ара шаруашылығы кабинеті, гүл өсіру және көгалдандыру кабинеті, тігін ісі кабинеттері де бар. Барлық кабинеттерде қажетті жабдықтар жұмыс істеп тұр. Жатын қабатта асхана орын тепкен, ол жерде бір мезетте 86 балам тамақтана алады. Бізде барлығы 44 оқу кабинеті бар. 72 педагог жұмыс істейді”, – деді “№ 2 арнайы мектеп-интернат” КММ басшысының м.а. Артем Белоногов.

Shares