Петропавлдық 7-сынып оқушысы бастауыш сыныптарға арналған «Ойлан, тап» математикалық ойынын жасады
Магжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Ақылбай Әлихан геймификация элементтерін қолдана отырып, бастауыш сынып оқушыларына арналған математикалық ойын әзірледі. Бұл туралы СҚО білім басқармасында хабарлады, деп жазады QZ News.
Әлиханның жобасы қазірдің өзінде 3-сынып оқушыларының математикалық қабілеттерін дамытуға қолданылады. Балалар күрделі есептерді дәстүрлі әдіспен емес, танымал мультфильм кейіпкерлері қатысатын қызықты ойын арқылы шешеді. Мұндай тәсіл сабаққа деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, материалды оңай меңгеруге көмектеседі.
«Ойын барысында балалар сынып пен математикалық амалдарды (қосу, азайту, көбейту, бөлу) таңдап, тапсырмаларды орындайды. Егер жауап дұрыс болса, «Жарайсың!» деген мотивациялық жазу шығады. Тек дұрыс жауап берген жағдайда ғана келесі деңгейге өтуге болады», – деп түсіндіреді жас өнертапқыш.
Бастапқыда Әлихан бұл жобаны информатика сабағында бастаған, кейін оны математикаға бейімдеген. Оның табандылығы мен шығармашылық көзқарасы ұстаздарын да таңғалдырды.
«Бұл ойын балалардың логикалық ойлауын және математикалық дағдыларын дамытады. Сонымен қатар, ойын әдісі мектеп бағдарламасын меңгеруді қызықты әрі тиімді етеді», – дейді Әлиханның мұғалімдері.
Әлихан – мектептің үздік оқушыларының бірі, сондай-ақ оқу орнының қоғамдық өміріне белсене қатысады.