Петропавлдық полицейлер мас күйдегі автокөлік нұсқаушысын анықтады
Петропавлда полицейлер “Мас жүргізуші” жедел алдын алу іс-шарасын өткізудің соңғы күнінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың стандартты емес фактісін анықтады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Патрульдеу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері Қожаберген жырау тасжолының жүріс бөлігінің бойында — Петропавлға кіре берісте тұрған Volkswagen Golf оқу көлігін байқады, бұл учаскеде көлік көп жүреді, ал жылдамдық аса төмен болмайды.
Анықталғандай, автокөлік мектебінің курсанты көлікті басқара алмай, төтенше жағдай туғызған. Практикалық сабақ өткізген 55 жастағы автокөлік нұсқаушысынан алкогольдің иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру оның мас күйде екендігін растады.
Нұсқаушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабы бойынша хаттама толтырылды.