«Қазақстанның үздік ауыл оқушысы»: СҚО-лық Татьяна Купина олимпиадаларда жеңіске жеткені үшін велосипедке ие болды
Қазақстанда ауыл мектептері арасындағы олимпиада өз мәресіне жетті. Нәтижесінде 78 үздік жеңімпазға Республикалық олимпиадаға жолдама берілсе, 21 оқушыға «Үздік ауыл оқушысы» құрметті атағы берілді. Солтүстік Қазақстан облысының ерекше мақтанышы – Тайынша ауданы, Чкалов №1 орта мектебінің оқушысы Татьяна Купина. Биыл Татьяна ерекше жетістіктерімен көзге түсті, деп хабарлайды QZ News.
«Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының мәліметінше, Татьяна ауыл мектептері арасындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен Республикалық олимпиадада 1 орынды иеленіп, жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиадада 2 орынды жеңіп алған.
«Бұл жетістіктер — Татьяна Купинаның табанды еңбегінің және оның ұстазы Ровды Елена Григорьевнаның қолдауының жемісі. Ұстазы шәкіртін шабыттандырып, бағыт көрсеткені үшін ерекше алғысқа кенелді. Бүгін Татьяна Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі Білім басқармасы мен «Қызылжар дарыны» орталығының атынан тамаша сыйлық — велосипедке ие болды. Бұл сыйлық оның өміріндегі жаңа жеңістер мен жарқын жетістіктердің символына айналсын», — деді орталық директоры Бақыт Ғабдуллина.