ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев СҚО халқымен кездесті
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болды, деп хабарлайды QZ NEWS. Сапар аясында министр бірқатар іс-шара өткізді: азаматтарды жеке қабылдау, жергілікті тұрғындармен, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдармен кездесу, сондай-ақ облыстық экология департаментімен жұмыс кеңесі мен БАҚ өкілдерімен брифинг.
Дәстүрлі түрде қойылған сұрақтардың басым бөлігі қатты тұрмыстық қалдықтар мен полигон мәселелеріне қатысты болды. Орман шаруашылығы саласының өкілдері саланың қаржыландырылуы мен материалдық-техникалық жабдықталуы мәселесіне алаңдаушылық білдірді.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, жалпы алғанда, Солтүстік Қазақстан облысындағы экологиялық жағдай тұрақты деп бағаланады.
«Негізгі ластаушы кәсіпорындармен белсенді жұмыс жүргізілуде. Биыл өңірдегі үш кәсіпорын шығарылымдарды бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізіп жатыр: екеуі қондырғыларды орнатып, деректерді онлайн режимде беріп отыр, ал үшіншісі жүйені монтаждау және баптау жұмыстарын аяқтауда. Министрлік пен оның өңірлік құрылымдары экологиялық жағдайды бақылау бойынша мақсатты жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар, облыста экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жол картасы жүзеге асырылып жатыр, ал кәсіпорындар өздерінің жеке бағдарламаларын әзірлеп, іске асыруда. Ең озық қолжетімді технологияларға көшу аясында, 2031 жылдан бастап облыстағы I-санаттағы кәсіпорындар толықтай жаңа өндіріс әдістеріне көшетін болады. Бұл өңірдегі, соның ішінде Петропавл қаласындағы экологиялық ахуалды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Нысанбаев сұхбат барысында.